Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Анасын іздеген қазақ баласы шетелге ұшып кетті

Испаниядан Қазақстанға анасын іздеп келген Жәнібек есімді 21 жастағы жас жігіт (қазіргі құжатында Эдди Жан, – ред.) шетелге ұшып кетті. Ол жолға шығар алдында әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

Анасын іздеген қазақ баласы шетелге ұшып кетті
фото: әлеуметтік желіден

Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңіздей қонақжай, мейірімді халықпен танысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін және қолдау танытқандарыңыз үшін мың алғыс! Мен Қазақстанның әр ұлына, қызына, анасына, әкесіне тәнтімін және ризамын! Достар, менің визамның уақыты аяқталды. Енді туған жерден кетуім керек. Бірақ мен жақын арада қайтып келемін. Мен туған анамды іздеуді тоқтатпаймын. Кеше Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясына менің атымнан сот отырысына қатысуға, маған қатысты кез келген мәлімет алуға, менің атымнан арыз, өтініш, шағым жазуға заң бойынша толық рұқсат бердім, – деді ол.

Жәнібек Қазақстанға келгенде анасын іздеуге көмектескен барша азаматқа алғыс айтты. Сонымен бірге ол өзі үшін қиын күндердің болғанын да жасырмады.

Қазақстанға келгелі қаншалықты эмоционалды күйде болғанымды көрдіңіздер. Мен үшін тым ауыр күндер болды. Енді мен өз-өзіме келу үшін өзіме біраз уақыт бөлуді жөн көрдім. Сондықтан Испанияға бірден қайтпаймын. Бірер күн Тайландта боламын. Ойымды жинақтап, демалып алғым келеді. Әзірге көп мәліметті айта алмаймын. Бірақ бұл оқиға мен күткеннен де қиын сияқты...
Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы 2002 жылғы қаңтарда Арқалық қаласының перзентханасына ұлын тастап, қолхат жазып кеткен, архивтік ресми құжаттар негізінде менің туған анам болып саналатын әйел табылды. Ол әйелге қазір редакция екінші рет ДНҚ сараптамасын жасап жатыр. @kymbatdoszhan & @asel_asqarqyzy сіздер іздей беріңіздер! Алда көп жаңалық болады деп сенемін, – деді Жәнібек.

Ол әр қазақтың баласының өзіне бауыр екенін түсінгенін айтты.

Қазақстаным, рахмет саған, туған ел! Ең бастысы, мен бұл сапарымда туған жерімді таптым, туған еліммен қауыштым, әр қазаққа бала, бауыр екенімді түсіндім. Бәріңізді жақсы көремін. Амандықта жүздесейік! – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласының Қазақстанға келіп, анасын іздейтіні туралы журналист Олжас Беркінбаев өзінің Facebook-тегі парақшасына жазған болатын. Одан кейін бұл ақпарат БАҚ-та тарап, іске бүкіл ел араласып кетті.