Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматыда автобус астында жаншылып өлген азаматтың туыстары кімнен көмек сұрарын білмей отыр

Басы мыжылып, түрі адам танымастай болды. Алматыда автобус астында жаншылып көз жұмған марқұм Айдос Әлменбаевтың жақындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасына ешкім қол ұшын созбаған, деп хабарлайды Paryz.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Алматыда автобус астында жаншылып өлген азаматтың туыстары кімнен көмек сұрарын білмей отыр
Фото: видеодан скриншот

Көмек түгілі, автобус паркінен бір де-бір адам көңілін сұрап келмеді дейді. Үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді. Үш бірдей адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты жаңа деректер. Әлменбаевтар әулетінде қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық. Қарт әке жалғыз ұлының енді қайтып келмейтініне сенгісі жоқ. Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүріпті. Апат болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап бой жазбақ болады. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.

 «Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған», - дейді марқұмның әкесі Қыдырғали Әлменбаев.

Қайғыдан қан жұтқан отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты.  

 «Сараптама басы жарылған деді. Білмеймін, айта алмаймын, анау адамның маған түрі таныс емес. Қолын ашып берді, аяғын ашып көрсетті. Сол екеніне көзім жетті. Әлі де сенбейміз, шын айтқанда. Ипотекамызды да төлеп отырған. Бағып-қағып отырған. Екеуі де кінәлі болып отыр. Мен айта алмаймын, бір адам кінәлі деп», - дейді марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова.

Отағасының артында шырылдап үш қызы қалды. Екеуі кәмелетке де толмапты. Ең үлкені – 19, екіншісі – 12, үшіншісі небәрі төрт жаста. Әсіресе кішкентайы жатса да, тұрса да әкесін іздейді. Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

 «Ол әйел тірі. Аллаға шүкір, ауруханада, тірі. Ал мұнда менің бауырымның үш қызы қалды. Әйелі өзі пәтерде отыр. Ипотекаға алды. Тапсырыс аламыз. ЖК бар. Сол туралы бала-шағасының нәпақасын тауып, киімін, тамағын осы жігіт тауып беріп отырған. Ата-анасын да осы жігіт асырады», - дейді марқұмның досы Ыбырай Көшербаев.

Марқұмның жақындары тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. Бірақ ондағылар асықпайтын сыңайлы. Тіпті көңіл айтуға да жарамаған.

Еске салсақ, апат өткен жұмада Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтті. Үш адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға түскен. Апатқа жүргізуші мен жолаушы арасындаға дау себеп. Жолаушы рөлде отырған әйелді жұдырықтай жөнеледі. Соққыдан тізгіндегі әйел есінен танып, автобус бар жылдамдығымен жол жиегіндегілерді жаншып өткен. Қазір қайғылы оқиға қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті жолаушы екі айға қамауға алынған. Ал жүргізуші әйел ауруханада. Оған алдағы уақытта қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз.