Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Макс Боқаевқа қатысты сот отырысының өтпеуіне интернет "кінәлі" екен

Сот отырысын байланыс қалпына келген уақытқа кейінге қалдыруды сұраған Боқаевтың өтінішін судья қанағаттандырудан бас тартқан...

Макс Боқаевқа қатысты сот отырысының өтпеуіне интернет "кінәлі" екен
фото: azattyq.org

19 қаңтарда Атыраудың №2 қылмыстық соты түрмеде аяқ асты интернет байланысы болмай қалғандықтан, Атырау облыстық ҚАЖД Макс Боқаевқа 3 жыл әкімшілік қадағалау тағайындау туралы өтінішті абақтыда қараған, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Сот отырысын байланыс қалпына келген уақытқа кейінге қалдыруды сұраған Боқаевтың өтінішін судья қанағаттандырудан бас тартқан. Содан соң Боқаев пен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева судьяны ауыстыру туралы арыз беріп, онысы да қолдау таппаған.

Кейін сот Боқаевқа әкімшілік бақылау тағайындау туралы шешім шығарды. Белсендінің айтуынша, ашық сот отырысына құқық қорғаушылар, бақылаушылар мен журналистер қатыса алмағандықтан, оның құқығы бұзылған.

"Мен саяси қуғынға ұшыраған сотталушымын. Отырысқа бақылаушылар қатыса алмауын әдейі жасалған әрекет деп санаймын" - деді Макс Боқаев.

Ал адвокат Жанар Сүндетқалиева құжаттарды зерттеу барысында 19 қаңтар күні түрмеде интернет байланысы болғаны анықталды дейді. Оның айтуынша, сол күні түрмедегі сотталушылармен бірнеше онлайн сот процесі өткен.

Ал істі жүргізген судья Зәуре Қазақбай Атыраудағы Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан УГ-157/9 мекемесінде 18-26 қаңтар арасында интернет желісінің болмауына мекеме әкімшілігінің кінәсі жоқтығын, оған интернет желісіне жауапты "Қазақтелеком" АҚ жауапты екенін, бірақ оны зерттеу аталған істің шеңберіне кірмейтінін айтты.

"Арызды қарап, тараптардың пікірлерін тыңдап, сотқа түскен материалды зерттеу барысында сот Макс Боқаевтың мүддесі мен құқығын шектейтін заңсыз әрекетке негіз тапқан жоқ. Сол себепті, сот шағымды қанағаттандырудан бас тартты", – деді судья Зәуре Қазақбай.

Мұнымен келіспеген Макс Боқаев "абақтыда интернет байланысы болмай тұр" деген түрменің лауызымды тұлғаларының әрекетін заңсыз деп тану туралы шағым түсірді.

29 қаңтарда Атырау қалалық №2 соты азаматтық белсенді Макс Боқаевтың УГ-157/9 мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты арызын негізсіз деп танып, қанағаттандырмай тастады. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған 15 күнге дейін апелляциялық шағым түсіруге болады.