Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Бекболат Тілеухан қоғамның екіге жарылуына әсер еткен тұлға» - Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында Бекболат Тілеухан қазақ халқының екіге жарылуына әсер еткен тұлға екенін айтты, деп хабарлады Paryz.kz.

«Бекболат Тілеухан қоғамның екіге жарылуына әсер еткен тұлға» - Ермұрат Бапи
фото: azattyq.org

Қазақ халқының екіге жарылуына діннің негізінде әсер еткен тұлғалардың бірі деп оны мойындау керек. Соңғы сөзінде сақалын сипап отырып «Менің мола аралайтын әдетім жоқ» деді. Бізде қазақта мола елдің, жердің, әрбір рудың шекарасын белгілеген шекара бекет, шекаралық баған сияқты болған. Мен өзім ежелгі молалардың талайын көргенмін. Мал айдап барып, қой бағып жүріп, ішінде кім жатқанын білмейміз, бірақ сол жердің ішіне кіріп түнегенбіз. Мен ғана емес түнеген, ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр, - деді Мәжіліс депутаты.

Ермұрат Бапидың айтуынша, Бекболат Тілеухан «Қазақстан салафизмге тыйым сала алмайды» деген сөзінің өзінен қазақтың дәстүрлі дініне, ұлттық мәдениетіне, ұлттық рухына қарсылығын білдіріп отыр. 

Салафизм деген қашан келді? Әрі кетсе 15-20 жыл бұрын ғана келді. Келді де қоғамды жарды екіге. Біз салафизмге келгенге дейін арамыз ажырамаған халық болатынбыз. Қазір көріп жатырмыз, көшедегі орамал жамылғандарды былай қойғанда қазақтың ұлттық дәстүрлі домбырасына, тұсаукесеріне, беташарына, бәріне қарсылық туып жатыр. Ал бұл біздің мыңжылдық тарихымыз, көшпенділер тарихы. Қайдағы жат елдің идеясын, идеологиясын әкеп тықпалау саналы азаматтың әрекеті деп ойламаймын. Ол арқылы қандай мақсатқа жеткісі келеді? Қазаққа жат діннің идеологиясын тықпалау арқылы халифат құрғысы келе ме? Мен осыған түсінбеймін. Біз оған дейін діннің негізінде, өзіміздің ұлттық негізімізде тып-тыныш, ұйысқан ел болдық. Әрине саяси тұрғыда билік пен халықтың арасында  қарама-қайшылық болды, бірақ ұлттық дәстүр негізінде ешқашан аражігіміз ажырамаған халық едік, - деді депутат.