Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен салынған үйде жылу жоқ

"Тұран" шағын ауданынан бой көтерген көп қабатты баспаналарды Шымкент әкімдігінің қаржысына "Shymkent" СПК салдыртқан. Пәтерлерді 7-20-25 бағдарламасы бойынша сатқан.

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен салынған үйде жылу жоқ
фото: дереккөз

Шымкент қаласы "Тұран" шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр. Қыс мезгілінің ортасында жылулары өшірілген пәтер иелері суықта тоңуға мәжбүр, деп хабарлады paryz.kz, adym.kz-ке сілтеме жасап.

Мәселенің себебі аты дардай мекемелер арасында туындаған жағдайға байланысты. Әсіресе, кішкентай балалары бар үй тұрғындары не істерін білмей дал. Туындаған мәселенің мән-жайы төмендегідей.

"Тұран" шағын ауданынан бой көтерген көп қабатты баспаналарды Шымкент әкімдігінің қаржысына "Shymkent" СПК салдыртқан. Пәтерлерді 7-20-25 бағдарламасы бойынша сатқан. Коммуналды инфрақұрылымын қалалық Құрылыс басқармасы жүргізген. Жылу қазандығы "ҚазТрансГаз" АҚ беретін табиғи газды пайдаланады. Қазандықтың газға төленбеген қарызы көбейіп, газды өшіріп тастаған. Жылу да тоқтады. Ал тұрғындар пайдаланған жылу ақысын төлейін десе, төлей алмайды. Себебі төлемді қабылдап алатын мекеме жоқ. Түбіртек келмейді. Дербес шот, яғни "лицевой счет" ашылмайды. Себебі әкімдік жылу қазандығын "Қуатжылуорталық" мекемесіне өткізбеген.

"Дәл қазір қоғамда коронавирустың екінші толқынына байланысты түрлі ақпараттар айтылуда. Ал біз суық баспанада дірдектеп отырған балаларымызды қолдан ауыртпақпыз. Неге жергілікті билік проблеманы шешуді емес, оның алдын алуды ойланбайды? Әлдекімдердің жауапсыздығынан ұл-қызыңыз өз баспанаңызда тоңып отырса, осы сөзді сіз де айтар едіңіз. Қарапайым халықтың шынайы ахуалын қашанғы жасыруға болады? Елге қызмет етемін деп бір-бір креслоға жайғасқандардың ішінде мәселеге бас қатыратын ешкім табылмай отыр. Құрметті билік басындағылар, 400 отбасы қашанға дейін суық үйде отырмақ?" деп жазды adym.kz.