Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Кәсіпкерлікке жасалған қолайлы жағдай өнімділік пен бәсекені арттырады

Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Кәсіпкерлікке жасалған қолайлы жағдай өнімділік пен бәсекені арттырады

Ресми ақпартқа сүйенсек, қалада 130 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысан бар. 2023 жылдың екінші тоқсандағы мәліметке сәйкес, ондағы өндірілген өнімнің көлемі 1,1 трлн теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32,9 пайызға артқанын көрсетті.

Кәсіпкерлікті ілгерілетіп, отандық өнімдердің үлесін арттыру үшін жыл басынан бері 3 592 жобаға 18,3 млрд теңгенің қолдауы көрсетілген.

Мемлекет тарапынан қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікті ірі өндіріс орындарына айналдыру. Ең алдымен кәсібін өркендетуге ниеттенген кәсіпкерге Ұлттық жобаның аясында 8 пайызбен 3 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған. Ал, инновациялық жобасын жүзеге асыру үшін үлкен өндіріске қажетті ғимараттың жалдау ақысының белгілі бір бөлігін мемлекет өтеп береді. Мәселен, алғашқы жылы 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызы субсидияланады.

Ал, өндіріс орны өркендеп, дамып жатса, бағытына қарай қаладағы 5 индустриалды аймақтан орын беріледі. Бұл аймақтарда ауқымды жобаны жүзеге асыратын инвесторларға бірқатар жеңілдіктер ұсынылады. Оның ішінде, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасауға бағытталған. Кәсіпорын салуды көздеген инвесторға мемлекет тарапынан дайын инфрақұрылым, корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығын төлеуден босату, бұл аумақта өндірілетін тауарларға қосылатын салықтан, шикізат пен материалдар импортына қосылған құн салығынан, жобаны жүзеге асыру үшін шеттен әкелінетін қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізу кезінде кедендік баж салығынан босату және коммуналдық қызметтің төмен құны секілді жағдайы жасалады.

Одан бөлек, «Оңтүстік», «Тассай» және «Жұлдыз» индустриялық аймақтары аумағында «бір терезе» қағидасына негізделген жобаларды қолдау, ыңғайлы логистикалық орналасу, тауарлар мен қызметтерді жылжыту, дайын инфрақұрылым және жер телімін нарықтық бағадан төмен сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігі қаралған.