Үшінші мегаполисте қала халқының өсуіне байланысты жыл сайын медициналық ұйымдардың саны артып келеді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2019-2022 жылдар аралығында қалада 12 жаңа емхана ашылған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында инвесторлар есебінен салынатын медициналық мекеме саны артып келеді. Жалпы, басқарманың деректер базасында 129 медициналық субъекті болса, оның 97-сі инвестициялық жоба.
Соңғы жылдары жеке инвесторлар есебінен халқы көп шоғырланған шағынаудандар мен тұрғын алаптарда емханалар салынуда. Атап айтқанда биыл инвесторлар екі жаңа емхананың құрылысын аяқтап, ел игілігіне берді.
Жаңаталап елді мекенінде «қалалық №15 емдеу орталығы» ашылса, Тоғыс тұрғын алабында ашылған жекеменшік «Togus-Med» медициналық орталығында 36 тұрғын жұмыспен қамтылды.
Биыл тағы Шымкентте инвесторлар 2 жекеменшік емхананың құрылысын жүргізіп жатыр. Ынтымақ-2 шағын ауданында емханаға тартылған инвестиция есебінен емдеу орталығы пайдалануға берілсе, 200 адамды жұмыспен қамтитын болады. Құрсай шағынауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа емдеу орталығы 150 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.
Атап өтейік, аталған инвестициялық жобалар «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қала аумағынан емхана және медициналық орталықтарының құрылыстарын инвесторлар тарта отырып жобалап салу жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.