Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Павлодар облысында көпбалалы аналар жаңа үйлердің сапасына шағымданды

Әкімдік өкілдері бар кінә мердігерде деп ақталды.

Павлодар облысында көпбалалы аналар жаңа үйлердің сапасына шағымданды
фото: видеодан скриншот

Павлодар облысында көпбалалы отбасыларға арнап жаңадан салынған үйлер сыр берді. Пайдаға берілгеніне жыл толмай жатып, жаңа баспаналардың қабырғалары көгеріп, едені сыз тартқан, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Орталыққа қосылған жылу да мардымсыз деп шағымданды. Құрылыстың сапасыз екенін айтып барғанмен, өңірде оған құлақ асар шенеунік табылмапты. 

Мария Бейсенбина – 5 баланың анасы. 6 жылдан астам уақыт баспана кезегінде тұрып, 2019 жылы 3 бөлмелі үй алыпты. Бірақ, көпбалалы ананың қуанышы ұзаққа бармаған. Қыс түсісімен үйі дым тартып, қабырғасы көгере бастапты. Оның үстіне, жылыту да оңай болмаған. Сондықтан 3 бөлмелі пәтердің 1 бөлмесін жауып тастаған. Өйткені, көгерген иіс пен азынаған суықтан ол бөлмеде отыру мүмкін емес дейді.

"Басында үйіміз жай ғана дымқыл болып тұрды. Кейін күшейе бастады. Қабырғалары көгеріп, суланып кетті. Үй мүлдем сапасыз салынған. Есік-терезеден жел соғады. Ал еден деген мұздай. Аяқ салсаң, қатып қалады", - дейді Ақсу қаласының тұрғыны Мария Бейсенбина.   

Балаларының денсаулығына алаңдаған ана мәселесін арқалап, бармаған жері қалмағанын айтады. Алайда, әзірге ешқайсысынан нәтиже шықпаған. Бұл тек бір ғана үйдегі емес, шағын ауданда орналасқан 28 үйге ортақ мәселе болып шықты. Жаңадан салынған бұл аудандағы жер үйлерге жергілікті билік пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды қоныстандырған екен.

"Ызғар өтіп тұрады полдан. Сосын балалардың аяғынан өтеді. Сосын ауырады. И жоғарыдан сырость болғаннан адамға ару нетеді ғой. И терезелердің барлығынан су ағып, мұз қатады", - дейді қала тұрғыны Алтынай Бекайыспаева.

Тұрғындар сапасыз құрылыстың кесірінен коммуналдық ақыға да көп шығындаламыз деп отыр. Өйткені, суланған қабырғаны кептіреміз деп күні-түні қосымша жылытқыштарды пайдаланады екен. Оған қоса,  ай сайын 14-15 мың теңге аралығында жалдау құнын да төлеуге міндеттелген. 

Ал әкімдік өкілдері бар кінә мердігерде деп ақталды. Қазір үйлердегі олқылықтарды жөндеуге құрылысқа жауаптыларды шақыртып жатқандарын айтты.

"2019 жылы тапсырды. Бір жыл гарантия, мерзімі бар осы жылдың аяғына дейін. Шағым бойынша көрінген бейне, фотоматериалдарды байқасақ, ол осы жақында ғана пайда болған зат емес. Өткен жылдың аяғында болған", - дейді Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Рахат Бекбергенов. 

Ал мердігер болса, тілшілермен тілдесуге құлықсыз секілді. Әкімдік өкілдеріне біздің телефон нөмірімізді бермеңдер деп ескерткен көрінеді. Атқамінерлер "мердігерлер құрылыстағы олқылықтарды қалпына келтірмесе, сотқа береміз" деп отыр. Сондықтан бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз.