Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Президент бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар мемлекеттің дамуына тың серпін берді

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтың ақпарытна сәйкес саяси реформалар елдің дамуына ерекше қарқын берді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Президент бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар мемлекеттің дамуына тың серпін берді
Фото: Шымкент қалалық мәслихатының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформалардың нәтижесінде жергілікті өкілетті орган – мәслихаттардың да беделі мен ықпалы күшейіп, оған деген халықтың сенімі бұрынғыдан да арта түсті.

Бұған, біріншіден, еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихат сайлауының аралас жүйе бойынша өтуі ықпал етті. Биыл наурыз айында өткен сайлауда депутаттардың 50 пайызы бұрынғыша партиялық тізім бойынша сайланса, 50 пайызы бір мандатты округтер арқылы халықтың тікелей дауыс беруімен сайланды. Нақтырақ айтар болсақ, Шымкент қаласы мәслихатының VІІІ шақырылымдағы жаңа депутаттық корпусына 32 депутат сайланса, соның ішінде 16 депутат бір мандатты округ арқылы сайланды. Ал, партиялық тізім бойынша «Amаnat» партиясынан – 11 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 3 депутат және «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды. Яғни, бір жағынан тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланған депутаттардың есебінен, екінші жағынан мәслихаттың көппартия құрамының жасақталуы арқылы өкілетті орган халыққа, қоғамға етене жақындай түсті.

Екіншіден, мәслихатқа қосымша бірқатар өкілеттіліктер берілді. Солардың ішінде ең елеулісі қала әкімінің мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы таңдалуы дей аламыз. Бұған дейін әкім лауазымына кандидат болатын бір азаматты Президент ұсынып, мәслихат оны мақұлдайтын еді.

Бұған дейін Президент ұсынған кандидатты мәслихаттың қабылдамай, кері қайтаруы практикада кездеспеген. Неге десеңіз, Президентті бүкіл халық сайлайды ғой. Сондықтан оған құрметпен қарау, оған сенім арту – заңдылық. «Осы кадрдың қаланы басқаруға лайық екенін бізге қарағанда көбірек зерттеп, білген шығар» деген ойлар болатын. Ал, ендігі жерде әкім лауазымына екі немесе үш-төрт кандидат ұсынылады. Солардың арасынан қайсысы біздің қаланы басқаруға лайық екенін мәслихат депутаттары таңдайды. Яғни, бұған дейін біз әкімге Президенттің осындағы өкілі ретінде қарап келсек, ендігі жерде әкім тек Президенттің ғана өкілі емес, мәслихат депутаттары таңдаған саяси қызметкер. Әкім қалай да өзін дауыс беру арқылы таңдаған мәслихат депутаттарымен санасып, есептесе отырып жұмыс істейді. Осының өзі Мемлекет басшысы жүргізген түбегейлі саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттың дербестігін арттырып, мәртебесін көтерілгенін айғақтап тұр.