Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Шымкент: Білім беру мекемелерін дамыту басты назарда

Шымкент қаласында 2022 жылы 46 мектеп ашылса, биыл 21 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 3 мемлекеттік мектептің қосымша ғимараттары мен 19 928 оқушыға арналған 18 жекеменшік мектеп бар, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкент:  Білім беру мекемелерін дамыту басты назарда

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі толығымен шешімін тапқан.

Алайда, қазіргі таңда, бұл мектептердің бірқатарында өзекті мәселелер орын алып отыр. Осыған байланысты, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік білім мекемелерін аралап, өзекті мәселелерімен танысты.  Қаладағы № 67 негізгі орта мектебінің ғимараты 1961 жылы салынған. Жалпы ауданы 752,3 шаршы метрді құрайды. Бүгінде мектепте 219 оқушы білім алуда. Асхана, акт залы қарастырылмаған. Білім ұясында 300 орындық жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.

Ал, № 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернатының іргетасы 1964 жылы қаланған. Ғимараттың жалпы ауданы – 2607,8 шаршы метр. Қыздарға арналған лицей 1993 жылы ашылды. Бір ауысымда 240 оқушы білім алуда. Жабық спорт зал салынбаған. Жатақханада орын тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Жаңа оқу корпусы қажет. Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебінің ғимараты болса  1958 жылы 530 орындыққа негізделіп салынған. Қазіргі уақытта 864 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жалпы ауданы – 4 942 шаршы метр. Спорт залы негізгі ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Білім ұясында орын тапшылығы туындап, жаңа мектеп салу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Білім ошақтарының өзекті мәселелерімен танысқан қала әкімі жауаптыларға № 67 негізгі орта мектебінің ғимараты апатты деп танылуына байланысты жаңа мектеп салуды тапсырды. Осы орайда балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында темір жолдан өтпейтін бос жер телімін қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ қала басшысы № 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернаты алдағы уақытта Тұран шағын ауданынан салынатын жаңа ғимаратқа көшірілетінін жеткізді. Ал апатты деп танылған Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебін жаңа мектепке айналатынын айтып, аумағын талапқа сай үлкейту бойынша тапсырма берді.

Шымкент қаласында білім беру мекемелерін дамыту тұрақты түрде жүріп жатыр. Осыған орай, қаламызда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 12 мектептің ашылуы да жоспарда бар.

Ал, 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп салу алға қойылған. Оған қоса, тағы 13 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің білім басқармасының мамандары атап өтті.  

Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2 мың орындық 8 мектеп, 1500 орындық 2 мектеп, 1200 орындық 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар.

 

 

Н. Назарбекова