Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Мұндай заң қажет емес": Нұр-Сұлтанда 30-ға жуық әйел министрлік алдына жиналды

Сарапшылар заңдағы ұғым-түсініктердің нақтыланбауынан және жобаның халыққа дұрыс түсіндірілмеуінен қоғамда шу шықты деп санайды.

"Мұндай заң қажет емес": Нұр-Сұлтанда 30-ға жуық әйел министрлік алдына жиналды
фото: azattyq.org

Нұр-Cұлтанда 30 шақты әйел Министрліктер үйіне барып, "Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңды қабылдауға қарсы шықты. Айтуларынша, заңда "балаға зорлық-зомбылық" түсінігі туралы тым көп айтылады, әрі шектеу көп, деп хабарлады paryz.kz, kznews.kz-ке сілтеме жасап. 

Әйелдер мұндай заң қабылданса, биліктің баланы тартып алып, ата-аналарды құқығынан айыру құзыреті кеңейеді деп қауіптенеді. Әйелдер мұндай заңның қажет емесін айтады.

"Бұл заңда баланың құқығы қалай қорғалатыны анық жазылмаған. Жекеменшік ұйымдарға артықшылық берілген. Мәселен, 111 нөмеріне телефон соққан баланың деректері жиналады. Кейін кез келген уақытта ол ақпаратты өзіңе қарсы пайдаланады. Өткен аптада президент бұл заң толықтырылып, қарауға қайта енгізіледі деді. Керек емес! Біз осы заңды мүлдем алып тастауды талап етеміз және бұл туралы барлық ақпарат көзінен көрсетілсін. Сонымен қатар басқа қабылданатын заңдар қоғамдық талқылауға салынсын", - дейді көпбалалы Мөлдір Сәрсенбаева.

Әйелдер жинала бастаған сәттен бастап, жағдайды полиция бақылап тұрды. Наразы топ сыртқа шығып ұрандата бастағанда, өзін Есіл ауданының әкімдік қызметкерімен деп таныстырған адам акцияның "заңсыз" екенін айтып, ескерту жасады.

Акцияға қатысқан "Саналылар бірлестігі" қозғалысының өкілі Айжан Мұстафина заңға қарсы Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесіне қол жинап өткізгендерін айтты.

Кейінгі уақытта қоғамда дау туғызған "Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бірінші оқылымынан өтіп қойса да, өткен аптада кері қайтарылған. Жұмыс тобы "заңды толықтырып, қайта ұсынамыз" деген. Ел президенті Тоқаев та заңдағы "нормаларды қайта қарап, қоғам пікірін ескеруді" тапсырған.

Жобада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы мәселеде тек Ішкі істер министрлігінің ғана емес, Білім, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің не істеуі керектігі нақтыланған. Жоба авторлары мемлекеттік органдардың барлығы және тұтас қоғам атсалысып, тұрмыстағы зорлықты тоқтатуға септігін тигізуі қажет деп санайды.

Кейінгі уақытта заң жобасына қатысты желіде де "әр балаға планшет әперу керек", "әр баланың өз бөлмесі болуы тиіс", "тоңазытқышты тамаққа толтырып қою керек дейді", "экономикалық зорлық-зомбылық жасады деп шешсе, баланы алып кетеді екен" деген әңгіме көп тарады. Бірақ депутаттар да, белсенділер де мұндай әңгімелердің қайдан шыққанын білмейді. Заң жобасында планшет, үйдің аумағы, балаға жеке бөлме беру туралы ештеңе жоқ.

Сарапшылар заңдағы ұғым-түсініктердің нақтыланбауынан және жобаның халыққа дұрыс түсіндірілмеуінен қоғамда шу шықты деп санайды.