Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Неге ұқпайсыздар?": Серік Абас-шах жер дауына қатысты үндеу жолдады

"Қазақстандықтар, немқұрайлы болып қалмасаңдаршы! КазГу қалашығы – қазіргі атқамінерлердің әкелерінен қалған жер емес. Бұл - ата-бабамыздан қалған ортақ мұра", - дейді ол.

"Неге ұқпайсыздар?": Серік Абас-шах жер дауына қатысты үндеу жолдады
фото: дереккөз

Белгілі телепродюсер Серік Абас-шах facebook-тегі парақшасында қазақстандықтарды ҚазҰУ қалашығы аумағындағы жер дауына бейжай қарамауға шақырды, деп хабарлады paryz.kz.  

"Таңертеңнен бері екі-үш танысым хабарласты (жекеге шықты, смс тастады). Ренжіп жатыр, қысқасы, "КазГу қалашығына тиісті жер(лер)дің "бөлінетіні бөлініп", "сатылатыны сатылып" қойған. Енді келіп, Елбасының қызына жалбақтап хат жазып, не болды сонша? Жазсаң, дұрыстап жазсаңшы" деп...

"Реніштердің" мағынасы шамамен осындай енді. Бірақ "дұрыстап жазу" деген не осы? Асанқайғыланып ахылап-үхілеу ме, қалған-құтқан шашымды жұлып, ашу-ыза білдіру ме, жоқ әлде осының бәрін құртқан сен деп айыптау ма, онша түсінбедім.

Ағайын,

А) "бөлініп қойды", "сатылып қойды" деп отыра берсек, ештеңе өзгермейді. Бүгін КазГу қалашығы, ертең басқасы... Ал арғы күні үйіңізді тартып алып жатса, "жоғарыдағылар бөліп қойды-ау", "сөйтіп шешіп қойды ғой" деп отыра бересіз бе?

Ә) Хатты әлеуметтік желі арқылы президентке де, бас партияның басшылығындағы бір кісіге де жолдадым. Ресми түрде болмаса да жеткізетіндер жеткізген шығар деген үміттемін. Енді бүгін “жоғарыдағыларға” сөзі өтеді ғой деп Әлия Назарбаеваға жолдап отырмын. Ол үндемесе, басқасына жолдаймын. Басқасы "байқамаса", басқаларына тыныштық бермеймін.

Ал сіз отыра (жата) беріңіз. Бәрібір ештеңе өзгермейді.

Айтпақшы, ұмытып барамын.

Құрметті КазГу түлектері, осы мәселе бойынша "улап-шулап" жатқандардың саны(мыз) мол емес. Негізі (біз) көппіз ғой. Неге үндемейсіздер? Сүйікті қалашығымыздың жерін бөлшектеп таратып жатқанда, жандарыңыз неге ауырмайды? Студенттер, сіздер неге бейғамсыздар? Алматы тұрғындары, қаланың ауасы онсыз да уланып біткенін жақсы білесіздер. Қазір қаланың қақ ортасындағы бос жерлерге ғимарат емес, ағаш егу (отырғызу) өте маңызды екенін неге ұқпайсыздар?

Тағы оқи отырыңыз: Серік Абас-шах ҚазҰУ ректорын ешкімнің тексере алмай отырғанына қынжылды

"Жемқорлық болуы мүмкін...": ҚазҰУ-ге тиесілі жер кімдерге сатылып кеткен?

Қазақстандықтар, немқұрайлы болып қалмасаңдаршы! КазГу қалашығы – қазіргі атқамінерлердің әкелерінен қалған жер емес. Бұл - ата-бабамыздан қалған ортақ мұра. Оны тойымсыз шибөрілердің жемі етпей, келер ұрпақ үшін сақтап қалайық. Бұл жерде сіз бен біздің бала-шағамыз бен немере-шөбереміз оқиды әлі (болашақта). Олар да өспей ме, өркендемей ме? Олардың жасыл желекке бөленген студенттер қалашығында емес, бизнес орталықтар мен бай-шонжарлар мекен ететін биік үйлер арасында тұншығып жүргенін қалайсыз ба? Мен қаламаймын" деп жазды ол.