Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Депутат жер беруді әкімдік құзырынан алып тастауды ұсынды

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Анас Баққожаев «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында жер иеленудегі заңсыздықтарды атады. 

Депутат жер беруді әкімдік құзырынан алып тастауды ұсынды

Оның сөзінше, шенеуніктер мен олигархтардың ауқымды жер,  шаруашылық иеленуіне басқару құрылымы себеп болып отыр. Яғни, жерді бөлу құзыреті тиесілі жергілікті әкімдік заңсыз әрекеттерге барады. 

- Жер конкурсын өткізу жергілікті әкімдік құзырында. Мен оған қарсымын. Адам бар жерде адами фактор болады. Сондықтан кей шаруа қожалықты, жерлерді әкімдер мен әкімге жақын азаматтардың иеленуі осыдан туындап отыр, — дейді депутат. 

Анас Баққожаев сұхбат барысында мәселенің шешімі ретінде цифрландыру жұмысын енгізуді ұсынған. 

- Қазір цифрландыру дамыған кезең. Барлық жер конкурсын электронды түрде өткізсе, әрбір қалаған адам жерді ала алады, — дейді Анас Ахатұлы. 

Сонымен қатар депутат пайдаланылмаған  ауылшаруашылығы жерлерін қайтару мәселесін де атап өтті. Айтуынша, жерді тиімсіз пайдаланған азаматтарды анықтау барысында тиісті инспекция салғыртттық танытып отыр. 

- Үкімет азаматтарға жерді 49 жылға бергеннен кейін ол мерзім бітпей жерді қайтарып ала алмайды. Олай етсе, азаматтардың конституциялық құқы шектеледі. Сондықтан Үкімет берілген жер қаншалықты тиімді пайдаланылды, топырақ құнарлығы сақталды ма, сол мәселелерді инспекция арқылы тексереді. Егер талапқа сай болмаса, дәлелдеп, сот арқылы жерді қайтару жолы бар. Алайда инспекция жұмысы салғырт жүруде, — дейді депутат.