Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Шымкентте тұрғын үйлерді кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60-тан 65 пайызға жоғарылайды

Шымкенттегі 81 елді мекеннің 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, бүгінде онда 713,5 мың адам тұрады. Ал, 57 елді мекен кәріз жүйесімен қамтылмаған, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте тұрғын үйлерді кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60-тан 65 пайызға жоғарылайды
Фото: gov.kz

Ағымдағы жылдың 8 айында Шымкент қаласы Бозарық шағын ауданындағы 74 гектарды құрайтын жер учаскесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге жеткізуші инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы (магистралды кәріз желілері және кәріз сорғы станциясы) жобасының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Жалпы биылғы жылы қалада 10 нысанның құрылыс жұмыстарына 4,8 млрд. теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 8 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, жыл соңына дейін  6 нысанның (Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алатын болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайыздан 65 пайызға өседі деп күтілуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазір бұл бағыттағы жұмыстар қалаға қарасты бірқатар шағынаудандарда қарқын алған. Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының Нұртас шағын ауданында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты. Сала мамандарының мәлімдеуінше, Нұртас шағынауданында 62,6 шақырым кәріз жүйесі салынатын болады. Соның нәтижесінде мұнда тұратын 3 мыңнан астам тұрғын үй орталықтандырылған кәріз желілер жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, қалада инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтылмаған шағын аудандарды қамтамасыз ету мақсатында жеке инвестиция есебінен 6 нысанға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оның ішінде 5 нысанның (Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарық ш/а Жаңақұрылыс, Ақжайық ш/а) жобасы аяқталып, сараптама қорытындылары алынды. Қалған 1 нысанның (Таскен ш/а Жаңақұрылыс)  жобасын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.

 

Н. Назарбекова