Биыл Шымкентке 721,7 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 32 пайызға артық. Бүгінге дейін қалаға 434,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің мәлімдеуінше, 2023-2027 жылдар аралығында қалада құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 275 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде, 32 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Оның ішінде 2023 жылы құны 128 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3108 жаңа жұмыс орыны ашылады делінген болатын. Қазіргі таңда жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1183 жаңа жұмыс орны ашылды.
Тарқатып айтар болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС-і болат блюм өндірісін қолға алды. Бұл жобаның құны 5 млрд. теңгені құрайды. Онда 250 адам жұмысқа тартылған. «NURTAU DISTRIBUTION COMPANY» ЖШС-інде дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабындар шығарыла бастады. Жобаның құны 4,9 млрд. теңгені құрайды, 40 адам жұмысқа тартылған.
«Unitex VOSTOK» ЖШС-і жиһаз шығарумен айналысуда. Жобаның құны – 350 млн. Теңге, 20 адам жұмысқа тартылды. «ЭКО-ФАРМ» ЖШС-і медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдарын, оның ішінде әртүрлі модификациядағы бір реттік маскаларды, қорғаныс киімдерін, обаға қарсы жиынтықтарды шығаратын, құны 555 млн. теңгені құрайтын жобаны іске асырды. Онда бүгінде 40 адам жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, А .Байтұрсынов мектебіннің құрылысын жүргізуге 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 80 адам жұмысқа тартылды. «Diamond Hotel» қонақ үйінің құрылысына 600 млн. теңге инвестиция тартылып, 10 адам жұмысқа қабылданды. «Tauke Khan Plaza» қонақ үйінің құрылысына 700 млн. теңге инвестиция тартылып, 15 адам еңбекпен қамтылды. «Хили Пропертиз» «Double Tree by Hilton Shymkent» (Канвас) ЖШС-і қонақ үйді қайта құруға 1 млрд. теңге инвестиция тартылып, бүгінде мұнда 10 адам жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, «7Jol», «Боржоми», «Керемет», «Cosmopolitan Hotel» қонақ үйлерінің де құрылыс жұмыстарына инвестиция тартылды. «Оңтүстік АГРО ЛТД» ЖШС-і сүтті қайта өндеуге байланысты жобаны жүзеге асыруға 400 млн. теңге инвестиция тартып, 20 адамды жұмыспен қамтыды. Дәл осындай жобалар үшін «Шымкент сүт» ӘКҚ, «Нурсултан» ЖК, «Райым ата» ШҚ, «Эгамназаров» жеке кәсіпкерліктерге де инвестиция тартылды. «Шадимат» ШҚ 500 бас ірі қара малын бордақылау алаңын ашу үшін 300 млн теңге инвестиция тартып, 8 адамды жұмысқа алды.
Н. Назарбекова