Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Жалақымыз зейнетақыдан да төмен": Ақтөбе мұнайшылары президентке үндеу жолдады

Мұнайшылар наразылыққа шығатынын облыс әкімі мен компания басшыларына екі апта бұрын ескерткен. Сол уақыттан бері тұщымды жауап алмапты...

"Жалақымыз зейнетақыдан да төмен": Ақтөбе мұнайшылары президентке үндеу жолдады
фото: видеодан скриншот

Ақтөбе облысында мұнайшылар наразылыққа шықты. "КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары жалақысын жүз пайызға көтеруді талап етіп отыр. Егер талаптары орындалмаса, жұмысқа шығудан бас тартпақ. Ол үндеулерін президентке де жолдаған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

"Жұмысшылардың жалақысы басқа мұнай өндіру компанияларымен салыстырғанда өте аз. Қазір пандемияның уақытында азық-түлік, комуналдық қызмет бірнеше есе қымбаттап кетті. Айлығымыз не несиемізді жабуға, не азық-түлігімізден артылмай отыр. Өзіңіз де білесіз, Ақтөбе облысының мұнайшылары ең төменгі жалақы алады. Біздің жалақымыз тіпті мұғалімдер, дәрігерлер мен зейнеткерлердікінен де төмен болып тұр. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз", - деді олар президентке жолдаған үндеуде.

Мұнайшылар наразылыққа шығатынын облыс әкімі мен компания басшыларына екі апта бұрын ескерткен. Сол уақыттан бері тұщымды жауап алмапты. Шыдамы таусылған олар енді жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Айлығын жүз пайызға көтеріп, жұмысшылар жатақханасындағы жағдайды жақсартуды талап етеді. Онымен қоса, "жұмыс беруші тарапынан қысым көрсетілмесе" деген қорқыныш та бар.

Мұнайшыларды сабырға шақыруға кен орны орналасқан Темір ауданына облыс әкімінің орынбасары бастаған топ кеткен. Олар комиссия құрып, нәтижесіне қатысты кейін мәлімдеме жасаймыз деп отыр.