Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Шымкентте арнайы интернаттағы 40-тан астам қызға "спираль" не үшін салынған?

"2011 жылы пәк болған қызыма жау алыстан келмеген..." - дейді ашынған ана.

Шымкентте арнайы интернаттағы 40-тан астам қызға "спираль" не үшін салынған?
фото: 36i6.by

Шымкенттегі арнайы интернаттағы қыздарды кім зорлаған? Бұл сауалға енді полиция жауап іздемек. №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы қыздарға жаппай жүктіліктен қорғайтын құрылғы салынған ба? Жабық мекемеде болып жатқан сұмдықты сол жердегі науқастардың бірінің анасы кездейсоқ білген, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба авторы бірінші топтағы мүгедек қызының арын таптағандарға жаза көруді сұрап отыр. Әлия Мамытованың шарадай басы шақшадай болғалы үшінші ай. Айтуынша, 29 жастағы жарымжан қызын зорлағаны былай тұрсын, оған жүкті болып қалудан қорғаныш құрылғысын салғанын кездейсоқ біліпті. 8 қараша күнгі кездесуде қызының өзін жайсыз сезінгенін байқап, сұрақтың астына алған. Сырқаты жанына батып жүргенін айтқан қызы, дәрігерлердің "спираль" салғанын айтқан. "2011 жылы пәк болған қызыма жау алыстан келмеген", - дейді ашынған ана.

"Зорлауы мүмкін. Мен өз көзіммен разрывты көрдім. Өйткені тәуелсіз экспертизаға мен қосылып кірдім. Өз көзіммен көргендіктен, экспертизаның жауабына мен қанағаттанбаймын, сондықтан шықтым мен. Үш ай күттім... Спиральды не үшін салып қояды? Спиральды салып қойып, зорлап жүре береді сол жердегі медициналық қызметкерлер", - дейді Әлия Мамытова.

Жалғызбасты ана 1-топтағы мүгедек қызында талма ауруы болғандықтан, күнкөрістің қамымен 10 жыл бұрын арнайы орталыққа өткізуге мәжбүр болғанын айтып отыр. Қазір №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 40-тан астам қызды жүкті болудан қорғайтын спираль салынғанын анықтапты. Мекеме басшыларынан мән-жайды сұрап білмек болған тілшілер оларды таба алмаған.

"Болған жағдайға байланысты мекемеде тексеру жұмыстары жүріп жатыр". Бұл - жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағылардың жауабы. Жауапты өкілдің білуінше, психоневралогиялық ауруы бар қыз-келіншектерге спираль Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде салынады.

"Денсаулық сақтау министрлігінің 626-бұйрығына сәйкес, осы балаға спираль салынған. 43-бұйрықпен қайта ауыстырылған, осы 2020 жылы 5 маусымда. Спираль салу себебі, соттың шешімімен бұлар әрекетке қабілетсіз болып табылады. Психоневрологиялық аурулары болуы себепті бұл кісілерге қойылады осы спираль", - дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Оспанова.

Тек бұл науқастардың ата-аналарына ескертілуі тиіс екен. Бірақ Толғанайдың анасы бұл жағдайдан хабарсыз. Басқармадағылар бұны қателік деп санамайды. Ал спиральды мекемедегілерден емес, сыртта, яғни ата-анасының үйіне барған кезде бөгде адамдардан сақтану үшін салады деп түсіндірді. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адамдардан жауап алынады. Полиция аталған орталықта 2010 жылдан бері жұмыс істегендерді де назарға алып отыр.