Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Жас кәсіпкер жиһаз жасаумен айналысады

Дінмұхаммед Қонысбек — мемлекеттік қолдауға ие болған шымкенттік жас кәсіпкер.  Ол бүгінде ағаш шеберханасының иесі.  Шебер тапсырыспен  есік,  баспалдақ және жиһаз жасаумен айналысады. Дінмұхаммед  өзімен қатар  барлығы 10 адамды жұмыспен  қамтып  отырған  іскер азамат.  Оның  бұл істі  дөңгелетіп алып кетуіне жеңілдетілген  несиенің көмегі тиген, деп хабарлайды Paryz.kz.

Жас кәсіпкер жиһаз жасаумен айналысады

Мемлекеттік қолдаумен 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейткен.  Бүгінде әлеуметтік  желі парақшасы мен дүкен арқылы бұйымдарын  сатып  жүрген  жас кәсіпкер айына 2 миллион теңгеге жуық табыс табатынын айтады. Ал, жұмысшылар еңбек өнімділігіне қарай 250 мың теңгеден жоғары жалақы алады.

Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Шымкентте жастарды қолдауға бағытталған  шаралардың жарқын көрінісі. ҚР Президенті Қ. Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: « Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді» деген болатын.   Кәсібін бастаймын деген жастарға арналған игі істер мегаполистерде де жүзеге асуда. Жеңілдетілген несие кәсібін енді бастап отырған немесе кәсібін әрі қарай дамытқысы келген жас буынға зор көмегін тигізуде. Бұл жобаның негізгі шарттары несие соммасы 5 миллион теңгеге дейін болса, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Несие мерзімі бизнес түрлеріне қарай мал шаруашылығына 7 жылды құраса, басқа бизнес жобаларына 5 жылға дейін беріледі. Сала мамандарының айтуынша, жеңілдетілген несиеге өтініш құжат тапсырушылардың көбісі  бизнес жобаға бай. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысуға көңіл бөліп отыр екен.

Құжат тапсырушыларға бағыт-бағдар беріп,  ақпаратты деректер  ұсынушы «Аграрлық несие корпорациясы» мамандарының айтуынша, жеңілдетілген  несиеге өтінім берушінің жасы 21-ден 35-ке дейін болуы керек. Бұған дейін  мемлекеттік  несие алмаған болуы да шарт. Күніне 40-тан астам өтінішті қараған  комиссия мүшелері жастар жобасынан  ауылшаруашылығынан  бөлек,  инновациялық кәсіптер  бағдарламасын да күтеді. Жас кәсіпкер Арқас Күзембай да біраз жылдан бері жиһаз жасаумен айналысады.  Ол осы өнерін  дамытып,  кәсіпке  айналдырып,  оны кеңейту  үшін  арнайы станок қажет етеді. Міне,  осы мақсатта  шағын несиеге жүгінген. Кәсібіне қаржылай қолдау көрсетілсе жұмысшылар санын арттырып, жиһаз цехын кеңейтуді көздеп отыр.

Корпорация мамандарының айтуынша, жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені  мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады екен. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл беруші адамды табуға  болады. 

Жастарға мирокредит беру — жұмыспен  қамту шаралары аясында атқарылып  жатқан  оң істердің бірі.  Шымкент қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мамандарының айтуынша,  2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған.  Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арасында тапсырма шарты түзілген. Негізінен жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын  азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 400-ден астам құжат қаралып, 231 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 168 азаматқа шағын несие беріліп,  өз кәсіптерін жүргізуде. Халықтың әл-ауқатын жақсартуда мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үлесі орасан.  Биыл Шымкентте сондай-ақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топтағы  азаматтарға арналған грант жалпы саны 452 азаматқа берілді. Грант алған азаматтар тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қол өнер және тігін тігу кәсіптерімен айналысуда. Таяуда грант иегерлері өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына тауарлары ұсынылмақ.

Н. Назарбекова