Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ермахан Ибраимовтан соққы алған әйел оның үстінен шағымданды (ВИДЕО)

"Оның келіп, белсенділерді балағаттап, плакаттарын жыртуға полицияның өзі жол ашып беріп отыр", - дейді Әйгерім Тілеужан.

Ермахан Ибраимовтан соққы алған әйел оның үстінен шағымданды (ВИДЕО)
фото: дереккөз

Бүгін белсенді Әйгерім Тілеужан құқық қорғаушы Ерлан Қалиевпен бірге Алматы қалалық Полиция департаментіне барып, бокстан Синдей олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың үстінен арыз түсірді. Оған 10 қаңтарда орталық алаңда полиция әділ сайлауды талап еткен белсенділерді қоршап тұрған кезде спортшының "ұсақ бұзақылық жасап, наразылардың плакатын жыртуы" себеп болған, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

"Оның әрекеті заңсыз. Әкімшілік кодексте екі бап бар. Бірі - 73-1-2-бап ("Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу"). Ауыр салмақтағы боксшының қолы басқаларға жұдырығын сермеймін деген кезде белсендіге (Әйгерім Тілеужан) тиіп кетті. Екіншісі - 434-бап ("Ұсақ бұзақылық"). Плакат жыртып, белсенділерге тиісіп, балағаттағаны үшін жазалануын талап етеміз", - деді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Әйгерім Тілеужанның айтуынша, 10 қаңтарда демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері полиция қоршауында қалған кезде ол топ мүшелері мен спортшы арасында төбелес шығып кетпесін деп ортада тұрған. Ермахан Ибраимов ашуланып, "белсенділерді ұрмақшы болған кезде" қолы бетіне тиіп кетіп, ауырған.

"Ол ешкім өте алмаған қоршаудан оп-оңай өтіп, бізбен сөйлесті. Оның келіп, белсенділерді балағаттап, плакаттарын жыртуға полицияның өзі жол ашып беріп отыр. Мұндай әрекет жазасыз қалмасын деп шағым түсіріп отырмыз", - деді Әйгерім Тілеужан.

Алматы қалалық Полиция департаменті белсендінің арызын қабылдап, өзінен сұрақ-жауап алатынын айтты. Ал спортшының өзі арызға байланысты түсініктеме бермеді.

Боксшы бұған дейін malim.kz сайтына берген сұхбатында алаңдағы наразылықты "кездейсоқ" көріп қалғанын айтып, белсенділердің плакатын жыртып тастағанын мойындаған. Ол билікті сынаған белсенділерді "іріткі салып, ел тыныштығын бұзып жүр" деп айыптаған.

 

Сол күні алаңда Ермахан Ибраимовпен қатар, белгілі ақындар Есенғали Раушанов, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, журналист Қали Сәрсенбай да болған. Бірақ соңғы аталғандардың "наразыларды тарауға үгіттеген-үгіттемегені" туралы ақпарат жоқ.