Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Сандықтаулық кәсіпкер сүт өнімдерін өңдеуді қолға алмақ

Сандықтау ауданы, Веселое ауылында жыл соңына қарай сүт өнімдерін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашылмақ. Жаңа зауытты іске қосуды «Байдалы-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марат Оразалин Амангелдіұлы өз қолына алмақ. 7 жылдан бері аталған серіктестікті басқарып келе жатқан кәсіпкер ауылдың көркейіп, ауыл шаруашылығы саласының  дамуына  өз үлесін осылайша қоспақ, деп хабарлайды Paryz.kz.

Сандықтаулық  кәсіпкер сүт өнімдерін өңдеуді қолға алмақ

Кәсіпкер  бұл бағыттағы жұмысын 3 жыл бұрын бастаған.  Сүт фермасын ашуды жөн көріп, білек сыбана кіріскен ол 2020 жылы  өз қаржысына 100 бас малға арналған заманауи ферма салады. Ол үшін 65 млн теңге қаржы жұмсаған. Ірі қараның алғашқы легін Австриядан, кейінгілерін Чехиядан әкелді.  Голштино-фриз тұқымды сиыр алған Марат Амангелдіұлы  малдың басын бүгінде 150-ге жеткізіпті. «Кәсібімнің алғашқы кезеңін аз-аздан бастауды жөн көрдім. Алдағы уақытта ірі қара санын  300-ден асыруды жоспарлап отырмын»,-  дейді кәсіпкер. 
 

Сатып алған сиырының бәрі сүтті. Марат Оразалин қазіргі таңда  Көкшетаудағы «Гормолзаводпен» келісімшарт орнатып, күн сайын  облыстағы ірі кәсіпорынды сүтпен қамтамасыз етіп отыр. 

Екі жылда  жұмысы алға басқан кәсіпкер енді алдағы уақытта 2,5 мың литр сүт өңдейтін ферма салуды көздеп отыр. Осы мақсатта биыл Ресей мен Беларусь елдерінде жасалған сүт өнімдерін өңдеуге қажетті арнайы құрылғыларды сатып алыпты. «Қазіргі уақытта осы жабдықты іске қосу бойынша жұмыс істеп жатырмын. Жыл соңында бәрі ойдағыдай болса, осы сүтті өңдеуге кірісемін деп ойлаймын»,-дейді кәсіпкер. 

Марат Амангелдіұлы алдымен 4 түрлі өнімнен бастауды жоспарлап отыр. Бұл - сүт, сүзбе, сары май, қаймақ. Кейін, жаңа ісі оң нәтиже берсе ірімшік жасауды да қолға алмақ. Ол бұл тізімге айранды да қосамын деп отыр. Кәсібін нәсіп еткен азамат туған ауылының және жақын маңдағыШаңтөбе, Атбасар, Балкашино сияқты елді мекендердің қажеттіліктерін қамтамасыз еткісі келеді. 

Бүгінде шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді. Олар жыл бойы еңбекпен қамтылған. «Байдалы-2» серіктестігінің негізгі қызметі – өсімдік және мал шаруашылығы. Сүтті бағыттағы малды күнделікті азықтандыруға қажетті жемшөп базасының 15 құрамдасының 13-ін өздері өсіріп, өндіреді. Қалған екеуін сатып алады. 

Биыл кәсіп иесі Германиялық «Buschhoff»компаниясының біріктірілген жем зауытын  салды. Ол үшін қажетті құрылғылардың алғашқы легін  сатып әкеліп қойған. Келісімшарт бойынша аталған ферма жыл соңына дейін сағатына 5 тонна өнімділікті құрайтын зауытты іске қосып берулері тиіс. Мұндай жем зауытының тиімділігі сол -  үй құстарына да, етті және сүтті бағыттағы ірі қара малға да қажетті жемнің кез келген түрін өндіруге болады. Марат Оразалиннің айтуынша, елімізде дәл осындай біріктірілген 3 жем зауыты бар. Олардың барлығымен танысып шыққан кәсіпкер енді өзі де сондай  өндіріс орнын іске қосқалы отыр. 

Марат Оразалин кәсібіне адал берілген жан. Оны қол астындағы қызметкерлері де растайды. «Егер сіз осы кәсіппен шын жүректен айналыссаңыз және өзіңізді осы бизнеске толығымен арнасаңыз, әрине нәтиже күн сайын көрінеді.  Нақты ақша, бұл - сіздің жұмысыңыздың нәтижесі. Жұмысшылар үшін де біздің серіктестікте жақсы ынталандыру бар. Олар да еңбегіне адал болуға, барын салып, көбірек жұмыс істеуге дайын. Өйткені сауыншылар әрбір литр сүт үшін жалақыдан бөлек, қосымша үстемақы алады»,-дейді кәсіпкер. 

Сүт-тауар фермасының өнімінің сапалы болуы алдымен сол жерде қызмет ететін мамандардың, олардың қаншалықты білімді де білікті екеніне байланысты. Сондықтан серіктестік басшысы  екі жылдан бері аймақтарды аралап, зоология, ветеринария факультеттерінің түлектерімен әңгімелесіп, ауылға жұмысқа шақырады. Түлектерді өндірістік тәжірибеге қабылдап, жұмысқа икемі мен ниеті барларды алып қалатын көрінеді. «Біздің жұмысқа өте мұқият қарау керек. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, ол барлық сүт өндірісіне бірден әсер етеді. Сондықтан алдымен мамандардың білімді болуы, одан кейін мал басын таза ұстау, жем-шөппен толық қамтамасыз ету өте маңызды»,-дейді Марат Амангелдіұлы.

 

Айгүл Мырзағалиқызы