Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

«Күйеуі жаназаға келмеді»: Қарағандыда 20 жастағы келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды

Шымкенттік Бақытгүл Байжарықова бір ай бұрын қызының өлімі туралы естіген. Қаралы хабарды жеткізген күйеубаласы оның 8-қабаттан секіргенін айтқан. Алайда анасы екі ай бұрын ұзатылған студент қызының өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтып, «Көреміз» бағдарламасында хабарласқан.   

«Күйеуі жаназаға келмеді»: Қарағандыда 20 жастағы келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды
Фото: astanatv.kz

Марқұм 20 жастағы Эльмира Әжіхан Қарағандыдағы Е.Букетов атындағы университетте бағдарламалаушы мамандығында 4-курс оқып жатқан. Тамыз айында Шұбарсу ауылына сөз байласқан жігітіне тұрмысқа шыққан. 

Қызым «мама, отбасылары біртүрлі, біздікіне ұқсамайды» деп айтатын. Сол күні мен жұмыста едім. Құдағайым хабарласып, "қызыңыз күйеуінің қасында жоқ екен» деді. Қызыма хабарласып едім,«группаласымның үйіндемін, мама, күйеуіммен ұрсысып қалдым» деді. «Үйге бар» деп ақылымды айтып, не болғанын сұрадым. "Мама, кейін айтамын» деді. Соңғы сөзі сол болды. Сәлден соң телефоны өшірілді», - деді анасы.

Бір сағат өтпей құдағайы хабарласып, қаралы хабарды естірткен.

Хабарды естіген соң Қарағандыға үйіне барып, қызымның бетін ашып көрсем, тап-таза  екен. Қызымның жоғарыдан секіріп кеткеніне сенбеймін.
Күйеубала ішеді екен. Сол қызымды қызғанып, өлтіріп алды ма деп ойлаймын. Жерлеуге күйеу бала да, құдағай да келмеді. Тек құда қатысты, - деді анасы.

Ақтық сапарға шығарар алдында жуындырған жеңгесі Тойшыгүл де денесінің таза екенін атап айтты.

«Денесі тап-таза, сынбаған, жырылмаған. Тек тырнақпен басып тастаған сияқты іздер бар. Ол 8- қабаттан құласа, сүйегі шашылып кетеді ғой. Мойыны ісіп кеткен. Оны күйеуі өлтіріп қойды. Мен оның өліміне сенбеймін», - деді ол.

Енесі Қарагөз Эльмираның келіндік қызметті жақсы атқарғанын айтты.

Ұлым екеуі бір-бірін жақсы көретін. Не болғанын ешкім білмейді. Қарағандыда олар бөле қарындасы және күйеубаламен бірге тұрды. Оқиға болардан бір күн бұрын ұлымның айтуынша, бөле қарындасының жағдайын білуге қыздар келген. Қонақтар кетейін деп жатқанда келінім сол қыздардың «үйіне барып қонайыншы» деп өтініш жасаған. Бірақ ұлым жібермеген соң біраз уақыттан кейін үйден шығып, құрбысына кетіп қалыпты. Ал ертесіне осы жағдай болып отыр, - деді ол.

Оның айтуынша, келіні 8-қабаттан секіріп кеткен.

Суық хабарды сіңлім Үрбибіден естідім. Оған ұлым айтқан екен. Келініме анасының сөзі ауыр тиген. Не деп ұрысқаны маған жұмбақ. Содан кейін осы жағдайға тап болып отыр. Келінімнің аяғы сынған. Қазір ұлым  бұл жағдайға сенбей, күйзеліске түсті. Сол үшін бағдарламаға келе алмады. Келінімнің жаназасына бара алмадық. Баламды эскпертизаға салып, бір күн тергеуде болды. Сөйтіп Қарағандыдан Жетісайға жете алмадық, - деді ол.