Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Баспана үшін БЖЗҚ-дан ақша алу ережелері жарияланды

Растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Баспана үшін БЖЗҚ-дан ақша алу ережелері жарияланды
фото: azattyq-ruhy.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларын жариялады. Бұл ережелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген, деп хабарлады paryz.kz.

Құжатта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қандай мақсаттарға пайдалануға болатыны тізбектелген. Құжатқа сәйкес, алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы осы Қағидаларда көзделген мақсаттарға жеткіліксіз болған кезде меншікті қаражатын пайдалануға жол беріледі. Біржолғы зейнетақы төлемдерін алушының жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануға жол берілмейді.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке ресімделген жылжымайтын мүлікті 5 жыл ішінде сатуға жол берілмейді. Алушы қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған мақсаттарға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде Отбасы банкіне ұсынады.

Растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. Құқықты басқаға беру кезінде біржолғы зейнетақы төлемдері растайтын құжаттар ұсынылған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотынан алушының арнайы шотына аударылады.

Отбасы банк алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша құжаттарды олар берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тексереді және біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.

Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.