Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Тамыры бір ваххабизм мен салафизмді еркін ойнақ салдырмауымыз керек - Аманжол Әлтай

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, айтыскер ақын Аманжол Әлтай «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұбатында қоғамдағы діни топтарға қатысты ойын жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Тамыры бір ваххабизм мен салафизмді еркін ойнақ салдырмауымыз керек - Аманжол Әлтай
Фото: видеодан скриншот

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ел арасында теріс діни ағымдар күшейіп, жастарға кері әсер етіп жатыр.

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар діни білім бақылаусыз қалды. Бүгін соның салдарын тартып отырмыз. Жат ағым жастар арасына тарап, салт-дәстүр мен ұлттық мүддеге бейжай қарайтын азаматтар пайда болды. Қоғам бірнеше діни топқа бөлініп кетті. Қаншама қазақтың қыз-жігіті Сирияға аттанып, содырлардың қолжаулығына айналды. Аз уақыттың ішінде дәстүрлі мәдениетімізді мансұқтайтын буын өсіп шықты. Мемлекеттік мүддемізге, ұлттық тұтастығымызға, ұлттың болашағына тікелей қауіп төніп тұр. Ол жат ағымдар ашық айту керек, салафизм, ваххабизм дейді, екеуінің тамыры бір. Олар ғана емес, тәңіршілдер деген де шығып жатыр. Онымен қоса, дінсіздікке итермелейтін топ та күшейіп бара жатыр. Бұлар да қауіпті. Оның барлығы жан-жақтан жұлмаласа не боламыз? Өйткені, салт, дәстүр, ата дініміз бір-бірімен қабысып, қауышып қатар дамуы керек деп ойлаймын», - деді А.Әлтай.

Депутат аталған мәселені шешу жолын да ұсынды. Оның пікірінше, теріс ағымдарға құқықтық негізде тыйым салу қажет. Сонда ғана қоғам жүйеге түспек.

«Ұлымыз рухты, қызымыз инабатты болсын дейтін болсақ, осындай жат ағымдардың жетегіне еріп кетпеуіне бүкіл күш-қуатымызды салуымыз керек. Олардың қалай болса солай тайраңдап, әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ, еркін ойнақ салуына жол бермеуіміз керек. Осы мәселені қазір дұрыстап ретке келтіріп, қолға алмасақ ертең кеш болады. Өйткені жат ағымдардың жетегіне кетіп қалып жатқан жастардың қатары күн сайын көбейіп бара жатыр. Көбейген сайын оның қаупі де үлкен. Сондықтан заңнамалық, идеологиялық тұрғыдан болсын, тосқауыл салмасақ болмайды», - деді депутат.