Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Елорда іргесіндегі аты жоқ саяжайдың тұрғындары да адам санатында жоқ

Аудан пайда болған шақта қалалық мәслихат бақша бірлестіктері тұрғындарын қалаға тіркеле алмайтындай қылып шешім шығарған...

Елорда іргесіндегі аты жоқ саяжайдың тұрғындары да адам санатында жоқ
фото: steptwo.ru

Елорда іргесіндегі саяжай тұрғындары еш жерде тіркеуде жоқ. Жүздеген адам бұрын Алматы ауданында болыпты. 2018 жылы қалада Байқоңыр ауданы пайда болған кезде аумақтық бөлініс бойынша олар автоматты түрде сол ауданға ауысуы тиіс болған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Бірақ Алматы ауданынан шығарылғанымен, жаңа ауданға тіркелмей қалған. Енді не қаланың, не облыстың базасында жоқ. Жоқ адамға жедел жәрдем де бармайтын болған.

Жасы алпысқа қараған Қалдыбай Мекебаев – бірінші топтағы мүгедек. Бірер жыл бұрын қан қысымынан құлап, 46 күн комада жатып, кейін екі-үш рет ота жасатқан. Ол үйдегі жандардың өзегін өртейтін бір өкініш бар. Сол кезде жедел жәрдем айдаладан тоспай, өздері осында келгенде бұлай болмас па еді деп әлі қапаланады. Қазіргі күйімен де мүгедектігін дәлелдеп отыру - қиынның қиыны. Тіркеудің жоқтығынан енді зайыбы екеуі қалаға барып, пәтер жалдап, әуре-сарсаңға түседі.

"Амалымыз жоқ, сол жаққа пәтер жалдап барамыз. Екінші ауруханаға тіркелдік. Алдында ғана "Шипагерде" едік. "Шипагер" біз сіздерге қарамаймыз, ол пәтерде тұрмайсыздар, ата ол жерде жоқ деп ауруханада қарамайды. Жылда ДЕСК-ден, 6 ай сайын медқараудан өтеміз. Не порталға кіргізілмей қалдық", - дейді Нұрғаным Ізтілеуова.

Тіркеудің жоқтығы жалғыз Қалдыбай емес, сондағы дүйім жұрттың басын қатырып отыр. Қолдарында 2018 жылы Алматы ауданында тіркеуде тұрды деген мекенжай анықтамасы бар. Бірақ биыл ауаға сіңгендей ешбір базада жоқ. Соның кесірінен мемлекеттен тиесілі жеңілдіктерге де қолы жетпей отыр.

"Екі аяғыма ота жасадым. Квотаға тұру үшін менің тұрғылықты мекенжайым да жоқ. Пәлен ақша беріп квотаға тұрдым. Бір айға жетпей, енді дәрі-дәрмегімді алайын десем, мені мекенжайдан шығарып жіберген, ақшамды алып алған", - дейді Әмина Нұрмағамбетова.

Тіркеудің жоқтығынан мектептер де оқушыларды арнайы көлікпен тасымалдаудан бас тартқан. Амалсыздан жұрт әр балаға ай сайын 10 мыңнан төлеп, жеке такси жалдайды. Тіпті ондағыларға үй кезегіне тұру да бұйырмаған.

"Бес жыл қалада бір жерде тіркеуде тұрғанбыз, одан шығарып жіберіпті. Жақында төртінші балама босанып, енді үйге кезекке тұруға көпбалалы ретінде болады ғой. Соған барғам, тіркеуде жоқ. Енді проблема. Бүкіл бала-шағамызбен бір жерде бес жыл тұрғанбыз. Енді үйге кезекке тұру үшін бір жерде бес жыл тұру керек. Адам үйі болмаса, бес жыл қайда тұрады?" - дейді Шынар Айтқұлова.

Саяжайда санақ бойынша 4 мыңнан астам адам бар. Соның 400-ден астамы тұрақты мекен етеді. Саяжай тұрғындары ғана емес, саяжайдың өзінің де аты бар да, заты жоқ. Көшелерге де жұрт өзінше ат қойып алған. Бірақ арнайы тақта болмағандықтан, электр бағандарына жазып қояды. Ең тиімдісі де осы.

Байқоңыр ауданы әкімдігіндегілер кезінде ол кісілерде тіркеу болғанын айтады. Бірақ аудан пайда болған шақта қалалық мәслихат бақша бірлестіктері тұрғындарын қалаға тіркеле алмайтындай қылып шешім шығарған. Содан автоматты түрде тіркеуден шығып қалған. Көші-қон полициясы да оларды аумақтық бөлініспен Байқоңыр ауданына тіркей алмайтынын айтады. Себебі саяжай тұрғындарының қолында жер телімінің техникалық паспорты ғана бар. Ондай құжатпен тіркеуге қоюға болмайды.

"Біріншіден, жер учаскесінің құжатын баспанаға арнап ауыстыру керек. Егер осыған ауыстыратын болса, жылжымайтын мүлік нысаны дейді. Сол кезде біздің қызметкерлер берілген тәртіппен тіркеуге қоя алады", - дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.

Тұрғындардың қазіргі жағдайы өздеріне де түсініксіз. Өмірде бар болғанымен, ешқандай базада жоқ. Енді оларға тіркеуде болмағаны үшін айыппұл арқалау қаупі де төніп тұр.