Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

"Елге жаны ашитын әкім жіберіңіздерші!": шымкенттіктер елбасы мен президентке шағымданды

"Сонда көлденең көк атты келіп, осыншама ат шаптырым аумақты рұқсатсыз қазып тастап, ойран-топанын шығаратындай, Шымкент иесіз қалған ба?" - дейді тұрғын.

"Елге жаны ашитын әкім жіберіңіздерші!": шымкенттіктер елбасы мен президентке шағымданды
фото: facebook.com

Желі белсендісі Ерболат Айнабеков Facebook-тегі парақшасында Шымкент қаласында заңсыз құрылыс жүріп жатқанын алға тартып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтің алдында әбден әйкәпір болған Әйтеновтің орнына басқа әкім тағайындау керектігін құлаққағыс етті, деп жазды paryz.kz.

"Кеше Шымситидегі күмәнді құрылыс туралы бірқатар әлеуметтік желі белсенділері бөліскен-ді. Сол шағынауданның тұрғыны ретінде мен де бей-жай қарай алмадым. Көршілерім өтініш айтқан соң, мәселенің анық-қанығын білмек мақсатта Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет және құрылыс сапасын бақылау басқармасы (ГАСК) басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаевқа қоңыраулатқан едік. Ол кісі де сондай қоңырауды күтіп отырды ма, маған сөз бермей, құрылыстың барлығы заң аясында жүзеге асып жатқанын айтқан. Ал айналасындағы ограждение мәселесін құрылысшыларға ескерткенін, бүгін-ертең қоршау тұратынын жеткізді. Көршілерімнен енді ойнап жүрген балаларына алаңдамаса да болатынын айтып, сүйінші сұрап қойған едім. Ал бүгін... Жұмыста жүріп, кешегі істің мән-жайын білмек мақсатта Ғалекеңе тағы бір телефон шалдым. Ал ол жарықтық құрылыстың қай мердігер компанияның жүргізіп жатқанын білмейтінін, ол жерге құрылыс жүргізуге ешқандай рұқсаты жоқ екендігін айты-е-е-еп отыр. Кешегі сөзінен тайқып, мердігер компанияның атын айтпады", - дейді жазба авторы.

Оның айтуынша, мәселеге қала әкімінің өзі мән бермейтінге ұқсайды. Соның салдарынан Шымкент "жетім баланың күйін кешіп" қалған.

"Сонда көлденең көк атты келіп, осыншама ат шаптырым аумақты рұқсатсыз қазып тастап, ойран-топанын шығаратындай, Шымкент иесіз қалған ба? Мұрат Әйтеновтің көзі тірі ме, қалада бар ма? Көзі тірі болса, мердігер компанияның мына сорақылығына неге үн қатпайды? Шымкентіміз иесіз қалған үйдей, жетім баланың күйін кеше бермек пе?! Біздің, Шымсити тұрғындарының тілеуі енді бір Құдайда. Осы құрылыс барысында ешқандай жазатайым оқиғаның болмауын күндіз-түні тілейді. Дұғасының арасында Шымкентке "іскер әкім" жіберуін сұрайтындар да жоқ емес. Олар Әйтеновтен үмітін әлдеқашан үзіп қойды", - дейді Ерболат Айнабеков.

Бұл ретте Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет және құрылыс сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев оған кеше "ограждение бүгін кешке дейін орналастырылуы керек" деп уәде берген. Ал ол әлі қойылмапты. Енді тұрғындар әкімдік өкілінің уәдесін кезекті бір өтіріктері деп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: "Басқармаға бандиттерді тағайындады...": шымкенттіктер Әйтеновтің кетуін талап етуде

"Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, Шымкент қаласына елге жаны ашитын әкім жіберіңіздерші! Қасына құрылыс саласынан хабары бар орынбасар мен ГАСК-ке іскер басшы қоссаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, Өтенбаевқа иланып, көршілерімнен сұраған сүйіншіме ұялып жүрмін..." - дейді белсенді.