Қуат дезинфекция жасайтындарға айтқан сөзіне емес, бұған дейінгі басқа мәлімдемелері үшін де ұсталдым деп есептейді...
Күні кеше соты өтіп жатыр деген соң Қуат Хамитов алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлады paryz.kz.
"Күресу үшін бір нәрсе бар болса, жалғыз адам да жауынгер! Ең бастысы, халықты қудалау мен жаппай өлімді тоқтаттық" деп жазды ол Instagram парақшасына.
Әлеуметтік желі қолданушылары Қуат Хамитовке қолдау білдірді.
"Тура жекпе-жектің алдында осылай жасау Қазақстанда дәстүрге айналған сияқты", - дейді Mysterions тобының әншісі.
"Қуат, халық сенімен бірге", "Родной, баса берші!", "Қуат, біз сізбен біргеміз!" деп жазды желідегілер.
Айта кетейік, кеше Алматының Алмалы аудандық сотында танымал спортшы Қуат Хамитовтың үстінен сот процесі басталды.
"Алмалы аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бөлігі 272-бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдіктелген Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық істі қарады", - деп хабарлады Алмалы аудандық соты.
Сонымен, басты сот талқылауы өтті. ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 3-бөлігінің ("Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру, сондай-ақ азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру") санкциясы 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйек айында спортшы тікұшақтарға оқ атуға және дезинфекция жасайтын жұмысшыларды соққыға жығу керектігін, олардың тағы да "халықты улай бастағанын" айтқан еді. Кейін полицияға жеткізілген Қуат Хамитов бұл видеоны "әзіл" деп түсінідірген-ді. Десе де ол темір торда 2 күн отырып көрді.
Қуат дезинфекция жасайтындарға айтқан сөзіне емес, бұған дейінгі басқа мәлімдемелері үшін де ұсталдым деп есептейді.
"Мен түрмеде отырғанда, мүлдем тамақ ішпедім, аш болдым. Олар маған таңғы ас, тамақ әкелді. Бірақ маған олар берген тамақты жеуге болмайтын. Мен ештеңе сұрамадым. Барлық адамдар секілді тыныш отырдым. Осы екі күнде қанша килограмм салмақ тастағанымды білмеймін. Бірақ қатты шаршадым..." - деді ол.