Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Ызадан тамырымды кестім": түркістандық азамат полициядан қорлық көрген

Ал полициядағылар Ибрагимов бұған дейін алдымен ұрлықпен айналысып, кейін адамға ауыр дене жарақатын салып, екі мәрте сотты болғанын айтады.

"Ызадан тамырымды кестім": түркістандық азамат полициядан қорлық көрген
Видеодан скриншот

Түркістан облысында полицияның азаптауынан кейін жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым деген азаматтың бейнежазбасы интернетте тараған еді. Онда денесі мен мойын тұсы кесілген 30 жастағы азамат полиция қысымынан араша сұрайды, деп хабарлады paryz.kz, "31 арнаға" сілтеме жасап.

Еш себепсіз ұрып-соғып, денемді көгала қойдай етіп сабады деген жетісайлық тұрғын осы жағдайдан кейін өзін-өзі өлтірмек болғанын айтады. Алайда оқиға жайында полициядағылардың сөзі мүлде басқа.

Полиция қызметкерлерінен оңбай таяқ жедім деген азамат қазір аудандық ауруханада жатыр. Бүгін жансақтау бөлімінен палатаға шыққан. "1,5 айда 4 рет қысым болды, ал соңғы рет тепкінің астында қалдым" дейді Данияр Ибрагимов. Ол полиция ғимаратындағы 4 қызметкердің нақты екеуі ұрғанын алға тартуда.

"Іште, міне, көзіме тиді. Көзім көгерген. Мына қолдарым көгерген. Мына аяқтарымның барлығы көгерген. Арқамнан ұрған, бірақ көгермеген. Арқамның барлығы ауырып жатыр", - деді шағымданушы.

Данияр бұрын сотты болғанмын, әлі де полиция инспекторында есептемін дейді. Бірақ бұл олардың мені басынуына себеп емес деп ашынады. Айтуынша, өзінен бөлек, інісін де полициядағылар соққыға жыға бастапты. Ыңырсыған даусын естідім дейді. Ызаға булығып, тамырын кескенін де жасырмады. Ал полициядағылар Ибрагимов бұған дейін алдымен ұрлықпен айналысып, кейін адамға ауыр дене жарақатын салып, екі мәрте сотты болғанын айтады. Бұл жолы бұзақылық жасап, құзырлы орган өкілдеріне жеткізілген көрінеді.

"Ол Жетісай ауданында бұзақылық жасап, қазіргі кезде Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұзақылық ісімен жауапқа тартып жатыр", - деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Сондай-ақ, ол азаматтың полиция қызметкерлеріне бағынбай, күш көрсеткені бейнежазбада жазылды дейді. Осы кезде інісі көмекке келіп, қызмет бабындағы полицейлерді соққыға жыққанын да айтады. Полициядағылар Даниярдың інісіне қатысты да қылмыстық іс тергелуде деді. Ағасының тергеуге қысым жасау мақсатында өзіне қол жұмсағаны да таспада жазылды дейді.