Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Қаһарынан Құдайдың қорықпайтын, Жаңа Қазақстанның вип «батыры». Балғынбек Имашев Ринат Зайытовқа ренішін өлеңмен жеткізді

Ринат Зайытовтың "Алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған намазхандар қауымы" деген мәлімдемесіне орай ақын Балғынбек Имашев өлеңмен жауап берді, - деп хабарлайды Paryz.kz

«Қаһарынан Құдайдың қорықпайтын, Жаңа Қазақстанның вип «батыры». Балғынбек Имашев Ринат Зайытовқа ренішін өлеңмен жеткізді
фото: әлеуметтік желіден

Дүмше депутатқа

Ермановтың кешегі “мықты” ақыны,
Ей, Зайытов Ринат Рифхатұлы!
Қаһарынан Құдайдың қорықпайтын,
Жаңа Қазақстанның вип “батыры”…

Басқа шығып барасың үндемесек,
Лақтырасың тасадан дінге кесек.
Кішірейіп кешірім сұрай салсаң,
Жанған отты өршітіп үрлемес ек.

Сұра десе кешірім бұлданасың,
Жасалды деп шабуыл жынданасың.
Мансабың да уақытша, атағың да,
Құдай үшін қауқарсыз құл ғанасың!

Сәжде қылған маңдайды алаяқ деп,
Жалған айып тағасың оңай-ақ кеп.
Ауызыңда бес хадис, он аят жоқ,
Жүрегіңді айтасың қалай ақ деп?

Алатауда жүр едің жалаңаяқ,
Депутат қылды сені “ағаң” аяп.
Сен барған соң “Аманат” түзелді ме,
“Нұротанның” деуші ең ғой бәрі алаяқ?

Негізінде білімсіз, ойша нәнсің,
Келген сөзді аузыңа дей саларсың.
Адамның да заңынан хабарың жоқ,
Алланың да дінінен бейхабарсың.

Қосановпен қатырдың дым демедік,
Қошановқа шақырдың үндемедік.
Мың сүрініп жатсаң да ақындықпен,
Ақталуды білесің бірдеңе ғып.

Ата дінмен алысқан Мәжілісмен,
Айыптадың бауырды ауыр іспен.
Елдің жауы мұсылман қауым емес,
Жау іздесең шатаспа әдірістен!

Елдің жауы - жемқорлар төбедегі,
Елдің жауы - тышқандар кемедегі.
Ұрыға емес құрығын дінге салған,
Депутаттың сенбісің көрегені?

Парламентте сен болсаң ең ақылды,
Неге қазір жармайсың қара қылды?
Неге айтпайсың парақор әкімдерді,
Неге айтпайсың зинақор, педафилді?

Дін - Аманат, елді одан кім тия алат?
Діл - Аманат, кім оны сілки алат?
Партияны ұятқа қалдырдың да,
Аманатқа жасадың шын қиянат!

Сөйлей берме ойыңша жорып қана,
Бере алмайсың сен дінге толық баға.
Шын мұсылман қиянат жасамайды,
Бізден емес Құдайдан қорық, бала!

Құлақкесті Құдайдың құлы, Ринат,
Жала жауып жасадың ірі ғибат.
Мүміндерге мың бәле жапқаныңнан,
Ар-Рахманның қалмайды Діні қирап.

Сұрамаймыз біз сенен қимасыңды,
Жамағатты жау санап, жима ашуды.
Қателікті мойындап момын болсаң,
Тәубеге кеп, Аллаға и басыңды!

Балғынбек Имаш