Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жамылғысын жуатын әйелдер наразылыққа шықты

"Несиемізді кім төлейді? Қазір базардағы заттардың бәрі қымбаттап кеткені белгілі", - дейді олар.

Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жамылғысын жуатын әйелдер наразылыққа шықты
фото: дереккөз

Ақтауда Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың төсек жамылғыларын жуатын әйелдер жұмыссыз қаламыз ба деп қорқып отыр. Сол себепті, олар бүгін наразылыққа шықты. Өйткені кір-қоң жуумен айналысатын сервистік компанияның келісімшарт мерзімі аяқталған, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Көп балалы аналар, асыраушысы жоқ, мүгедек аналар бар. Солар қазір жұмысынан айырылса, Мұнайлыда жұмысқа алатын еш жер жоқ. Жұмысты басқа ұйым беретін болса, несиемізді кім төлейді? Қазір базардағы заттардың бәрі қымбаттап кеткені белгілі", - дейді солардың бірі Роза Бекежанова.

Тендер жариялайтын серіктестік жаңа жылдан бастап сервистік мекемемен жұмыс істеуден бас тартқан. Енді олар қызметті қысқартып, теміржол вагонындағы төсектің тазалығымен өздері айналыспақ. Ал жұмыссыз қалған 40 шақты кір жуушыны өзіне жұмысқа алып, жалақы төлеуге әзір екен. Алайда жұмысшылардың бұл құрғақ уәдеге сенгісі жоқ. "Екі қолға бір күрек таба алмай қаламыз" деп күйінгендер желтоқсан айында да әкімдік алдында наразылық білдірген. Ол кезде атқамінерлер тендер болатынын айтып, жылы сөзбен шығарып салған.

"Шешім қабылдадық. Сол қызметті толық өзіміз істейміз. Ешкімді былай алмаймыз. Ешкіммен келісімшартқа отырмаймыз. Корпорацияның адамдары бойынша кеше хат жаздық. Барлық адамды жұмысқа аламыз. Сол жалақысы сақталады", - дейді "Otpan Logistic" ЖШС-нің директоры Алтай Борашев.