Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Атыраулық әйел өзбекстандық қызды құлдықта ұстаған

Тамыздың соңында Фатима қашып шыққан. Белгісіз әйел оған 500 теңге беріп, таксиге отырғызып жіберіп, полицияға шағымдану керегін айтқан. 

Атыраулық әйел өзбекстандық қызды құлдықта ұстаған
фото: дереккөз

Атыраулық әйел шетелдік қызды құлдықта ұстап келген, деп хабарлады paryz.kz, "Қорғау-Астана" қорының facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Қор қызметкерінің айтуына қарағанда, әлгі әйел Өзбекстан азаматшасының құжатын тартып алып, күшпен қамап, электршокермен ток соққызып әрі таяқпен ұрған. 

23 жастағы Фатиманың (есімі өзгертілді) оқиғасы әлеуметтік желіде тарады. Ол Ташкенттен Қазақстанға жұмыс істеу үшін келген екен. 

"Тіркеуден Мәдина есімді (өзгертілген) "иесі" өткізген. Ол жәбірленушінің құжаттарын тартып алып, қамап қойған. Сөйтіп, Фатима базарда көкөніс сатумен айналысқан. Мәдина Фатимаға айлығын Өзбекстанға қайтатын уақытында беретінін айтқан, алайда нақты қанша беретінін айтпаған", - дейді қор өкілдері. 

Екі айдан кейін Мәдина Фатиманы үйіне алып кеткен. Сөйтіп балаларын бақтырып, үй тазалау жұмыстарын міндеттеп қойған. Ол жәбірленушіге 100 еуро төлейтінін уәде еткен. Алайда, қор өкілдерінің айтуынша, ақыры жалақы төлемепті. Фатима 2020 жылдың тамыз айына дейін бір жылдай жұмыс істеп, кейіннен ақшасын алуға тырысқан.   

"Мұны естіген Мәдина ашуланып, Фатимаға қол көтеріп, элекрошокермен және таяқпен ұрған. Сөйтіп, Фатима қорыққанынан Мәдинаның үйінде жұмыс істеуін жалғастыра берген. Оның құжаттары үй иесінің сейфінде тұрған", - дейді қор өкілдері. 

Тамыздың соңында Фатима қашып шыққан. Белгісіз әйел оған 500 теңге беріп, таксиге отырғызып жіберіп, полицияға шағымдану керегін айтқан. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің өкілдері болған оқиғаға қатысты түсінік берді. 

"Бізге "Қорғау-Астана" қорының төрағасынан өтініш түсті. Әйел адамның Атырау қаласында дене жарақаттары мен басқа да зорлық әрекеттеріне ұшырағаны анықталды. Өтініш тіркелді. Іс материалдары аймақ бойынша жіберілді", - деді ведомство өкілдері.