Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

"Тоқаев мырза, босатыңыз!": Байқоңырда інісіне араша түскен әйелдің өзі қамалды

"Оған "шенеуніктің көлігін өртеді" деген айып таққан. Бірақ оған інімнің қатысы жоқ. Президентке, Ішкі істер министріне, Бас прокурорға жолдаған хаттан әлі хабар жоқ", - деп жылады әйел. 

"Тоқаев мырза, босатыңыз!": Байқоңырда інісіне араша түскен әйелдің өзі қамалды
фото: дереккөз

12 қаңтарда Қызылордадағы орталық алаңда "інісінің заңсыз қамалғанына" шағымданған Байқоңыр тұрғыны Алмагүл Қожамберлиеваны полиция алып кетті, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Алаңға күндізгі сағат 11 шамасында (Нұр-Сұлтан уақытымен) барған тұрғынның қолында "Тоқаев мырза, менің жазықсыз қамалып отырған інімді босатыңыз! Қызылорда облысында заң жоқ" деген жазуы бар плакат болды.

"Інім Қуаныш Әбіләзиевтің Қызылорда қаласында абақтыда заңсыз қамалып отырғанына 20 күндей болды. Оның өлі-тірісін білмеймін. Оған "шенеуніктің көлігін өртеді" деген айып таққан. Бірақ оған інімнің қатысы жоқ. Президентке, Ішкі істер министріне, Бас прокурорға жолдаған хаттан әлі хабар жоқ", - деп жылады әйел.

Қуаныш Әбіләзиевтің атынан билікке арнап жазылған хатта оның "заңсыз қамалып, тергеу изоляторында соққыға жығылып, қысымға ұшырағаны", изоляторда "біреулерге қарсы айғақ беруге мойындатуға тырысқаны" жазылған.

Шамамен 10-15 минуттан соң пикет орнына қалалық әкімдіктен ішкі саясат бөлімінің өкілі келіп, пикеттің "заңсыз екенін" ескертті. Бұдан соң бірнеше полиция қызметкері келіп, "қажетті адамдармен жолықтырамыз" деп Алмагүл Қожамберлиеваны алып кетті. Әзірге ол телефонына жауап бермейді.

Қызылорда облыстық ПД Тергеу басқармасының жетекшісі Әбдібек Жаназаров Әбіләзиевтің үстінен "Бөтеннің мүлкін бүлдіру" (202-бап) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Пикеттен кейін таратылған полиция хабарламасында "күдіктінің қылмыс жасағаны дәлелденгені" жазылған. 1 қаңтарда оған бұлтартпас шара қолдану туралы шешім қабылданған.

"11 қаңтарда сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, іс құжаттары күдікті мен адвокатына танысу үшін ұсынылды", - делінген.

Қазақстанда полицияның "заңсыз әрекетіне" шағымданатындар көп. Қазан айында Шығыс Қазақстан облысында "мал бағып жүрген жерінен полиция бөлімшесіне жеткізіліп", артынша жұмбақ жағдайда қаза тапқан тұрғын өлімінен кейін ауыл халқы көтерілген.