Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Компания басшысы жалақысын сұрағандарды кеңседен қуып шықты

Бұл ірі жобаны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан 157 млрд теңге қарастырылған.

Компания басшысы жалақысын сұрағандарды кеңседен қуып шықты
фото: дереккөз

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автожолының құрылысына қатысқан бір топ жұмысшы жалақысын ала алмай жүр, деп хабарлады paryz.kz, azattyq-ryhy.kz-ке сілтеме жасап.  

Олар Алматы-Қалбатау учаскесінің 935-ші шақырымында жол жабындысы үшін инертті материал тасымалдауға жеке жүк көлігімен бірге жалданған. Жұмысшылар мердігер "Афина Паллада Холдинг" (құрылтайшысы Анатолий Иванов) компаниясымен келісімшартқа отырып, ұзақтығы 12 шақырым жол құрылысына атсалысқан.

Жүк көлігінің жүргізушілері 2020 жылдың сәуірі мен қыркүйек айы аралығында тапсырысты орындаған. Мердігер алғашқы екі ай - сәуір-мамыр үшін жалақы төлегенмен, маусым, шілде, тамыз айларындағы еңбегі үшін ақысын бермеген. Жұмысшылар қолдарында мұны дәлелдейтін жеке келісімшарт, табель және атқарылған жұмыс туралы акт бар екен айтады.    

"Өзімнің жеке жүк көлігім бар. Сонымен келіп жұмыс істеуге шақырды. Алматы-Өскемен трассасын салып жатқан жерге құм-тас тасымалдау үшін бардым. Біз келісім-шартқа отырып, жұмысты бастадық. Күні-түні тоқтамай жұмыс істедік, бір көлікті екі ауысыммен айдадық. Содан үш айлық еңбекақымызды бермей қойды. Осының кесірінен отбасымның да шырқы бұзылды. Ақша апармаған соң үйде ұрыс-керіс болады. Бірақ мұны жұмыс берушілер түсінгісі келмейді. Мен сағатпен жұмыс істеуге келіскенмін. Мемлекеттің қаражатына салынып жатқан нысан болған соң сендім. Қазір маған мерігерлердің берешегі - 2 млн 500 мың теңге. Одан бері 4 ай уақыт өтті, ала алмай жүрмін. Бүгін келсек, бізді кеңселерінен қуып шықты", - дейді Дәулет Ахмадиев.

Жалақысын ала алмай жүргендердің бірі - Айдос Байбосынов есімді жұмысшы.

"Афина Палада Холдинг" деген компаниямен 6 ай жұмыс істедік. Біздің бригадирдің атына тіркелген жеке кәсіпкерлік болатын, сол онымен келісімшарт жасады. Ал біз оның қоластында жұмыс істедік. Бұл мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы ғой. Шығыс Қазақстан халқының жол бітпейді, бірнеше жыл болды деп шағымданғанын көрдік. Сол ақша қайда кетіп жатыр десек, ортада жүрген мынадай фирмалар жеп жатыр. Біз бригадамызбен 12 шақырым жол жасадық, бір-екі қабат төселсе төлейтінін айтты. Сеніп жүре бердік. Бала-шағамызды тастап, 6 ай айдалада шаң мен тозаңда, күннің ыстығында пандемия жағдайында еңбек еттік. Мен алғаш барғанда сәуір, мамыр, маусым айы үшін 970 мың теңге алдым. Сосын тағы үш ай жұмыс істедім. Енді маған 2 млн 700 мың теңге қарыз, екі жүргізуші бөліп алуымыз керек", - деп шағымданды Айдос Байбосынов есімді жұмысшы.

Құрылысшылардың сөзіне қарағанда, жұмысшыларға орындалған жұмыстың актісі мен табельге сәйкес 25 млн теңге төленбей отыр. Олар Алматы-Қалбатау аймағында 17 "КамАЗ" жүк көлігімен инертті материал тасымалдаған. Көліктер тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеу үшін қосымша жүргізушілер жалданыпты. Еңбеккерлердің айтуынша, "Афина Паллада Холдинг" ЖШС маусым, шілде, тамыз айындағы жалақысын бермей отыр. Қыркүйек айынан бері мердігер компанияның кеңсесіне бірнеше рет барған. Соңғы рет 30 желтоқсанда келген, одан соң 12 қаңтарда беруге уәде берген. Алайда өзін мердігер компанияның атқарушы директоры деп таныстырған Иллона Иванова бүгін жұмысшылар мен БАҚ өкілдерін кеңсесінен күшпен қуып шықты. Серіктестік өкілі жұмысшылардың құжаттарында шикілік бар екенін айтады. Бірақ көлік жүргізушілерінің тас жолды салуға қатысқанын жоққа шығарған жоқ.

Ашық дерекөздегі ақпарат бойынша, "Афина Паллада Холдинг" ЖШС 2009 жылы тіркелген. Қызмет ету саласы сәулет және құрылыс деп көрсетіліпті. Компания жетекшісі Иванов Анатолий Юрьевич - 60 жаста, Қазақстан азаматы. Бүгін жұмысшыларды кеңсесіне кіргізбей қойған Иллона есімді әйел осы азаматтың қызы екені белгілі болды. Орта бизнес ретінде тіркелген мекемеде 16-20 адам жұмыс істейді деген ақпарат шығып тұр. Ал Алматыдағы Алмалы аудандық кірістер басқармасы арқылы мемлекет қазынасына салық есебінен 161 366 532 теңге кіріс әкелген.

"Қазавтожол" компаниясы жұмысшылардың жалақасының төленбеуіне қатысты тексеру жүргізіп үлгергенін мәлімдеді. Басқарма басшысы Ұлан Әліпов Azattyq-ryhy.kz тілшісіне жақын арада жұмысшыларға жалақы төленетінін хабарлады. 

"Алматы-Өскемен тас жолында қосалқы мердігер ретінде тіркелген "Афина Паллада Холдинг"  компаниясы жұмысшыларға айлық төлемеген деген ақпарат келді. Сол бойынша біз қазір анықтама жүргіздік. Ол ЖШС 40 адамға 4 ай бойы айлық төлемеген. Оның көлемі - 20 млн теңге. "КадрСтрой" бас мердігерінің басшысы Лазерев Валерий Албертовичпен де, "Афина Паллада Холдинг" басшысымен де сөйлестім. Осы аптаның аяғына дейін қарызды төлейміз деп уәде берді. Біз қадағалауға аламыз. Жалақысын төлеткіземіз. Бұдан былай осындай жағдай қайталанбауын ескерттік",- деді "Қазавтожол" АҚ басшысы.

Ал амалы таусылған көлік жүргізушілері бүгін қалалық Еңбек инспекциясына арыз жазды.

Айта кету керек, Алматы-Өскемен-Қалбатау тас жолының Шығыс Қазақстандағы аумағы өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бұл ірі жобаны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан 157 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде оның 105 миллиарды игеріліп, 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Әзірге 454 шақырымның 70%-на асфальт төселген, қалған жұмыс келесі жылғы көктемнен бастап жалғасын табады. Кеңес заманынан бері күрделі жөндеу көрмеген Алматы – Өскемен тас жолы екі жылдан бері қайта жаңғыртылып жатыр. Жобаға 6 асфальт шығаратын зауыт, 11 қосалқы мердігер компания жұмылдырылған.