Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Айғақ көп, куәгер бар, бірақ полиция құлықсыз: «Суицид жасаған» алматылық оқушының ісін неге жауып тастады?

Алматыда бір жыл бұрын жұмбақ жағдайда қайтыс болған Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы, 16 жасар Адель Ақанованың ісіне қатысты күмәнді жайттар жабулы қазан күйінде қалып тұр, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Айғақ көп, куәгер бар, бірақ полиция құлықсыз: «Суицид жасаған» алматылық оқушының ісін неге жауып тастады?
Коллаж: Halyq Uni

Анасы Айнагүл Бейісова қайғылы оқиға бойынша күдік туғызатын әрекеттер көп болғанымен, алматылық тергеушілердің немқұрайлы қарап, істі жауып тастағанына қапалы. Сол себепті Астанаға келіп, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне істі «адам өлтіру» бабымен қайта қозғау туралы арыз тастап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады.

Айта кетейік, Адель Ақанова 2022 жылдың 4 мамырына қараған таң алдындағы сағат 4-5 шамасында үй артындағы тас қоршаудың іргесінде ағашқа асылып қалған күйінде табылған еді. Тергеушілер өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғап, 2023 жылдың 1 шілдесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Сөйтіп, тергеу нұсқасы бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған болып шықты.

Адвокаты Ғалия Дүйсембаеваның айтуынша, көптеген сараптама тағайындалған. Сол сараптамалардың қорытындыларынан көптеген күмәнді жайт қаперге алынбай тұрғанын айтады.

Мәселен, қыз денесінен ешкімнің ДНҚ-сы табылмаған. Сонда алғаш тапқан сәтте жасанды демалу амалын жасаған анасының, құшақтаған әкесінің ДНҚ-сы қайда?

Асылып қалды деген арқанға келсек, дүкендерде сатылатын сондай арқан 7 өрімді, ал ол арқанда 8 өрім. Талдырмаш қыз оны өз қолымен өріп, байлап-матап, бойынан биік тас қоршауға шығып, ағашқа іліп, сосын мойнымен асылуы мүмкін емес екенін айтады. Себебі миының маңдай бөлігіне қан кеткен. Сондай жағдайдағы қаршадай қыздың тіпті аяқтан тұруы да қиын еді. Оның үстіне, денесінде, не қол-аяғында қоршаудың үстіне шыққанын айғақтайтын еш белгі жоқ.

Қаншама сараптама тағайындалғанымен, сол арқанды қайдан тапқанын ақыры анықтамаған. Тіпті, ағашта арқан ізі бар-жоғы да белгісіз. Сараптаманың бәрі де қолайсыз уақытта өткен. Өйткені, денесі былтыр 4 мамырға қараған түні табылғанымен, оқиға орнына тек 2023 жылдың қаңтарында ғана сараптама жасалған.

Сол оқиға болардан бірер күн бұрын ата-анасы туған күніне қымбат телефон алып берген. Оны тергеушілер дереу алып кетіп, артынан қараса іші тазартылған болып шыққан. Телефонды кім қашан қолданғанын саусақ іздерімен анықтайтын компьютерлік технология сараптама да жасалмаған.

Анасы Айнагүлдің айтуынша, Адельдің арқанмен асылып қалғаны рас болса, алақанынан, тырнағынан не киімінен арқан түгі табылар еді. Ол жоқ. Есесіне, қызыл шұлығының қалдығы бар. Бір қолының екі саусағында тырнағы жоқ, бұл да қарсыласты ма екен деген ойға жетелейді.

Қарағандыда жасатқан тәуелсіз биологиялық сараптама оның іш киімінен қан ізін тапты. Биологтардың минструалды қан мен кәдімгі қанды шатастыруы мүмкін емес. Ал алматылық тергеушілер болса жыныстық зорлық жасалмаған дегенінен танбайды. Одан қалды, киімінде түсініксіз генезден қалған дақтар бар, - дейді Айнагүл Бейісова.

Оның сөзінше, мойын омыртқасының жағдайын да ешкім қарамаған. Өйткені, суицид жасаған болса қоршаудан секіріп, омыртқасына зақым келтірер еді. Ал біреулер асып өлтірген болса, онда тіласты сүйегі сынуы керек. Оны да анықтамаған. Тіпті, суицид жасады десек, мойнындағы жіп ізі де көлбеу емес, тігінен түскен. Соған қарағанда, қызды алдымен қылқындырып, сосын асқан деген күдік бар.

Ең қызығы, қызды екі адамның өлтіріп жатқанын көрген куәгер де бар болып шықты. Куәгер сол маңайда тұратын малшы екен. Ол әуелгі жауабында синтетикалық есірткі қолданатын екі адамның өлтіргенін айтқан. Оларға сегізөрім арқанды өзі бергенін мойындаған. Алайда тергеушілер оның жалған куәлік етті деп, артынан «шынайы куәлігін» қайта жазып алыпты. Енді Айнагүл мен адвокаты сол куәгерді тауып, тағы бір көзбе-көз жүздестіруін сұрайды. Сөйтсе, полиция оны ұстай алмай жүргенін мәлімдеген.

Тағы бір куәгер – көрші тұратын жасөспірім түнде емтиханға дайындалып отырып, «нет» деп айғайлаған әйел даусын естігенін айтқан. Сосын метал затпен соққының даусы шығып, одан соң тынышталып қалған.  

Айнагүл жалпы, осы жағдайға алдымен мектепті айыптайды. Өйткені, онда буллинг, қаталдық, озбырлық бар екенін айтады. Мәселен, Адельдің қазасынан кейін шамамен 5 айдан соң сол мектепте тағы бір оқушы қайтыс болған, онда да суицид!

Сайып келгенде, Айнагүл Бейісованың өз нұсқасы бойынша, қызын біреу түнде алып шыққан. Өйткені, кешкі астан соң жатып қалған. Ал түнде денесін ауладан тапқанда көзілдірігі үйде қалған. Үнемі көзілдірікпен жүретін адам үшін түнде арқанды «теңіз түйіні» қылып байлау үшін тым құрыса көзілдірігі керек еді. Демек, ол үйден аз уақытқа ғана, онда да жақсы білетін танысына шыққан болуы мүмкін.

Менің ойымша, оны сыныптас қызы шақырған. Өйткені, басқа араласатын ортасы жоқ және де сыныптасы алып шыққанын айтқан адамдар да бар. Біз ол сыныптасымен беттестік. Бара жатқанда жол бойы жерден көзін алмады. Бұл сыныпта екі-ақ үздік бар еді. Бірі Адель, екіншісі сол қыз. Ол әңгіме барысында жақын досы екенін айтты. Бірақ неге екені белгісіз, Адельмен арадағы жазысқан хаттарын тазалап тастаған, тіпті нөрімін де өшірген. Енді бәрін ойдан шығарып айтып отыр ма деп, психикалық сараптама жасатайын десем, ата-анасы бірден қарсы болды, - дейді Айнагүл.