Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Аманжол Әлтаев өзі сынаған ақынмен мәмілеге келгенін айтты

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев өзі сынаған ақын Біржан Қалдыбаевпен мәмілеге келгенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Аманжол Әлтаев өзі сынаған ақынмен мәмілеге келгенін айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Бүгін Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың қазақстандық Мәжіліс депутатына қайтарған жауабынан соң, Аманжол Әлтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Онда ақын өзі сынға алған айтыскермен телефон арқылы сөйлескенін, екеуара мәмілеге келгенін жеткізді.

Біржан Қалдыбаев бауырыма жанашырлықпен айтқан сын пікірімді үдетіп түрлі сайттар бір-бірінен көшіріп алып шығарып жатыр екен. Желі қолданушылары арасында да мәселенің байыбына бармай, мені қызғаншақтық танытты деп сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен. Бүгін Біржан бауырыммен сөйлестік. Мен ағалық ақылымды жеткіздім, ол да інілік ізетімен өз пікірін айтты. Ең бастысы бір-бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Мәселені дауға айналдырмай нүктесін қойып, сыйластықты сақтауға уағдаластық, - деп жазды Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.

Сонымен қатар, депутат көпшілік тарапынан айтылып жатқан сынға қарата да жауап берді. Айтыскерді сынауының астарында қандай да бір қызғаныш жатпағандығын жеткізді. 

Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген ешқандай қисынға келмейді. Бауырымыздың тұлпар мінгеніне тек қуанышпен қараймын. Өзім де өзге азаматтарға жылына бірнеше тұлпар мінгізіп жүрген азаматпын. Бір елдің атынан барғаннан кейін айтқан арнауы  көркемдік талапқа, эстетикалық талғамға, байыпты мазмұнға сай болса екен дедім. Бұл – өнер өлкесіндегі  баршамызға ортақ талап. Өнердің сапасын аласартып алмау - парызымыз! Біржан бауырымның отбасына амандық, ісіне береке тілеймін. Тақымынан тұлпар кетпесін. Бауырлас Қырғыз елінің ыстық ықыласына да рақмет айтамын. Ел іргесі бүтін, бірлігі бекем болсын! - деді Аманжол Әлтаев.

Еске салайық, Белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жуырда Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алған еді. Артынша Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың жазбасын әлеуметтік желіден оқығанын айтып, орынсыз үндеу болғанын жеткізді.