Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге барған сарбаздың құлағы естімей, бір көзі көрмей қалған

Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге сау болып аттанған сарбаз сал болып қалған. «Жасөркен» әскери заставасындағы Ахметәли Жәдігер жеті айдан бері төсек тартып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге барған сарбаздың құлағы естімей, бір көзі көрмей қалған
Фото: видеодан скриншот

Анасының айтуынша, қазір ұлының құлағы естімей, бір көзі көрмей қалған. Денесін терең жара басқан. Оның сөзінше, әскердегі жас сарбаздың алғашқыда бірнеше күн бойы қызуы көтеріліп, ангинасы қабынған. Ал әскер басшылығы ауруы асқынған кезде бір-ақ ауруханаға жөнелтіпті. Енді дәрігерлер 19 жастағы жігіттің дертіне диагноз таба алмай жатыр екен.

«Дені сау, көзі көретін, құлағы еститін бала бергенмін мен әскерге! Менің баламды мүгедек етіп отыр әскери қызметкерлер! Шекара қызметі балама ем-дом көрсетпей, немқұрайлы қарап, баламды комаға түсіріп, мүгедек етіп отыр. Бірінші санитарлық бөлімде жатты. Бір тәулік жатты. Кейін Тараздағы инфекциялық ауруханада жатты. Одан кейін 6 ай бойы Алматыдағы госпитальда жатты. 6 ай бойы ешқандай ем-дом көрініп жатқан жоқ. Баламның беті бері қараудың орнына ары қарап бара жатыр» - дейді сарбаздың анасы Ұлжан Жәдігерова.

Шарасыз күйге түскен әйел сарбаздың дертіне дауа таба алмаған әскерилер баламды қолыма бермей отыр дейді. Кеш болмай тұрғанда ұлын жеке ауруханаға қаратып, емдетуге асығады. Әрі дәрігерлер денсаулығына салғырт қарағаны үшін өтемақы төлеуді талап етіп отыр.

Ал шекара қызметі қазір жауынгерге Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар институтында ем-дом жүргізіліп жатқанын айтты. Аймақтық госпиталь науқасты жіберу туралы шешім шығармайынша біз еш шара қолдана алмаймыз дейді. Ал анасы айтқан жеке клиникаға көрсету мүмкіндігі қарастырылмаған деп отыр.

«Шекара қызметі тарапынан ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Бізде белгіленген госпитальдар бар. Ары қарай қандай ем қолданылады, қандай тактика қолданылады, қандай медикамент қолданылады, мен медик емеспін. Сондықтан мен оған жауап бере алмаймын. Сол сұрақтарыңыз болатын болса, Алматы қаласы бойынша госпитальға барып жүгініңіздер», - деді ҰҚК шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департамент бастығының тәрбиелік–идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Саят Шубаев.