Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

БҚО-да аштық жариялаған жұмысшыларға жалақыларын өсіруге уәде берілді

Батыс Қазақстан облысы билігінің хабарлауынша, сол күні оқиға орнына әкімдік өкілдері барған. Бірақ келіссөз нәтижесі туралы ақпарат бермеді...

БҚО-да аштық жариялаған жұмысшыларға жалақыларын өсіруге уәде берілді
фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында 6 қаңтарда ереуілге шығып, жалақыларын кемінде 50 пайызға көбейтуді талап етіп, аштық жариялаған мұнай сервистік компаниясының жұмысшыларына басшылық инфляцияны ескере отырып, жалақыларын өсіруге уәде берді, деп хабарлады paryz.kz, "Азаттық" радиосына сілтеме жасап.

8 қаңтарда Bonatti S.p.A компаниясының таратқан хабарламасында жұмыс берушінің осы айда "жалақыны қазіргі инфляция деңгейін ескере отырып есептеуге", келесі айда бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы тағайындауға уәде бергені жазылған. Мұндай шешім 7 қаңтарда компанияның бас директоры Кристиан Буриццемен онлайн-кездесуден кейін қабылданған.

Хабарламада жұмысшылардың жалақысын 50 пайызға өсіру талабы қаңтар айының ортасында Қазақстанға келетін бас директормен бірге талқыланады деп жазылған.

Айта кетсек, 6 қаңтарда Bonatti S.p.A компаниясының шамамен 300 жұмысшысы наразылыққа шыққан еді. Олар жалақыларын өсірмейінше аштық жариялайтынын айтып, видеоүндеу жасаған. Өндіріс орнында түсірілген видеоүндеу мессенжерлерде тарады. Батыс Қазақстан облысы билігінің хабарлауынша, сол күні оқиға орнына әкімдік өкілдері барған. Бірақ келіссөз нәтижесі туралы ақпарат бермеді. Кездесу қорытындысы тек екі күннен кейін белгілі болды.

Тағы оқи отырыңыз: БҚО-да шетелдік компанияның 300-ден астам жұмысшысы аштық жариялады (ВИДЕО)

Bonatti S.p.A - Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінде жұмыс істейтін сервистік компаниялардың бірі. 280 шаршы шақырым жерді алып жатқан ірі кеніш Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан. Оның операторы - шикізат өндіруге қатысатын Royal Dutch Shell, Eni, "Шеврон", "Лукойл" және "ҚазМұнайГаз" компаниялары құрған "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." компаниясы.