Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі ауыл 8 жылдан бері жарықсыз отыр

Қысқасы, 8 жыл орталықтандырылған жарықты күтіп отырған тайтөбеліктерге тағы бір-екі жыл амалдай тұруға тура келетін сияқты. 

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі ауыл 8 жылдан бері жарықсыз отыр
фото: ашық дереккөз

Жарықсыз отырғанымызға 8 жыл болды. Жағдайдың өзгеретін түрі жоқ. Елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылының тұрғындары "Еуразия бірінші арнасына" осындай шағыммен хабарласқан, деп жазды paryz.kz.

Қуаныш Насимолдиннің астананың іргесіне көшіп келіп, үй салғанына 10 жылға жуықтаған. Содан бері орталықтандырылған электр энергиясы дегенді көре алмай келеді. Амалының жоқтығынан көрші шағын ауданнан айына 15 мың теңгеге жарық сатып алып отыр.

"Бензин құйып, мотормен де отырамыз. Ол да уже күйіп кетті. Қанша адам трансформатормен тартып жатыр. Отырмыз енді амалсыздан. Әкімге де бардық. Бар мән-жайды айттық. Ол кісілер айтады, міне, құрамыз, үйтеміз-бүйтеміз деп. Сегіз жыл бойы алдап келді. Шыдамның да шегі бар ғой деп сіздерді шақырдық", - дейді ол.

Бүгінде Тайтөбе 4 бөліктен құралған үлкен ауылға айналған. Соның бірінде ғана жарық бар. Өзге бөлікте тұратын азаматтар әбден қиналғандарын айтады. Көршілерден сұрап алған тоқ жиі істен шығатын көрінеді. Соның кесірінен тілсіз жаудың құрбанына айналғандар бар.

Ауыл толық жарықпен қашан қамтылады деген сауалды тілшілер жергілікті атқарушы билікке қойған. Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Тайтөбеге толық тоқ тартуға 500 миллион теңгедей керек екенін айтты. Ауданда әлеуметтік мәселесі шешілмеген 50 елді мекен бар, барлығын кезек-кезегімен реттеп келе жатқандарын алға тартты.

"Құрылысқа қаржы бөлінсін деп облыстық, республикалық бюджетке өтінім жазамыз. Әзірге қаражат жоқ. 2021-22, шамамен 2 жыл күту керек. Оның өзінің процедурасы болады. Ол бір уақытта істелетін жұмыс емес", - дейді Целиноград ауданының әкімі Қанат Ағзамұлы. 

Қысқасы, 8 жыл орталықтандырылған жарықты күтіп отырған тайтөбеліктерге тағы 1-2 жыл амалдай тұруға тура келетін сияқты.