Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Жыныстық қатынасқа түсесің деді»: терезеден секірген қыз оқиғаның мән-жайын айтты

Алматыда 20 жастағы бойжеткен екінші қабаттың терезесінен секіріп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Ол өзін пәтерге кіргізіп, ұрып-соққан жеті қыздан қашпақ болған. Сондай-ақ олар бойжеткеннен ақша талап етіп, одани қалса жігіттерге жыныстық құлдыққа сататынын айтып қорқытқан. Ару оқиғаның мән-жайы қалай болғанын толығырақ айтып берді. Бұл туралы Paryz.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды. 

«Жыныстық қатынасқа түсесің деді»: терезеден секірген қыз оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: sputnik.kz

Бойжеткеннің айтуынша, оқиға 16 мамырда болған. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында тұратын Дильназдың жасы 20-да. Шаштараз мамандығын бітірген. Қалада жұмыс істеп, анасына қолғабыс етіп жүрген.

"Пәтерімізде шәй ішіп отыр едік, бір топ қыз келді. Олар қасымдағы Динара деген құрбыма келіп тиісті. Екеумізді көлікке отырғызып алып, Чапай деген ауыл жақтағы бейітке алып барды. Сол жерде Динараны ұра бастады. Мен шошып кетіп, араша түстім. "Динара үшін тұрып бересің бе?" деді. Мен құрбыма жаным ашып, "иә" деп айттым", - дейді жәбірленуші Дильназ.

Сол-ақ екен, топ қыз жабылып, Дильназды таяқтың астына алады. Сосын көлікке отырғызып алып, бөтен бір пәтерге апарады.

"Қолдарында пышақ болды. Пәтерге барған соң мені тағы соқты. Мен ондай сұмдық көрмеген едім, қатты шошыдым. Сосын маған төрт таңдау қойды. Бірі – 100 мың теңге ақша табасың, екіншісі – қызбен жыныстық қатынас жасау. Мен ондайды естіп-көрмеппін. Сосын маған қалай істеу керегін түсіндірді. Үшінші шарты – ыстық қасық басамыз деді. Ал төртіншісі – ер адаммен жатасың" деді", - дейді Дильназ.

Дильназ ақша сұрап жанталасады. Қолында ұялы телефоны да болмаған. Өзін ұрған қыздардыңбіреуінің телефонын алып, әлеуметтік желіде кім көрінгеннен тиындап ақша сұрай бастаған.

"Мен 100 мың тауып бере алмадым. Анама хабарласайын десем, сөйлестірмеді. Сосын жігітпен жату туралы шартына келістім. Ондағы ойым, сол ер адамға айтып, көмекке полицияны шақырайын деп ойладым. Жаңағы ұрғандар жалғыз өзімді ер адаммен тастап, сыртқа шығып кетті. Мен жігітке айтсам, мені тыңдайтын түрі жоқ. Тіпті қолымның тамырын кесіп едім, оған да қараған жоқ. Шешініп бөлмеге кіріп, мені күтіп отырды", - дейді жәбірленуші.

Дильназ жуынатын бөлмеге барам деп алдап шығып, үшінші қабаттан сыртқа секіріп кеткен. Оны кездейсоқ өтіп бара жатқан адам көріп қалып, көмекке келеді.

"Таңғы сағат бесте жедел жәрдемге хабарласып, қызыма ота жасалады деді. Мен талып түстім. Жанталасып барсам, қызымның оң қолы, екі аяғының тобық жағы, белі сынған. Бет аузынан сау-тамтық жоқ", - дейді Дильназдың анасы Сания.

Қыз құлап жатқанда жаңағы тобыр ақырын келіп, құлағына сыбырлап жүрген.

"Мен көмекке келген кісіге "Мені тастамаңызшы, қорқамын" деп қолынан ұстап, жібермей қойдым. Әкем маған үнемі "Қызым, сен менің абыройымсың. Адалдығыңды сақта!" деп айтып отырады. Өлсем өлейін, бірақ әкемді жерге қаратпайын, пәктігімді сақтаймын деп секіріп кеттім. Ұрған қыздар "бір рет ер адаммен бола саласың, онда тұрған түк те жоқ" деп айтты. Мен бір жігітпен қол ұстасып көрген қыз емес едім", - дейді Дильназ.

Сания Алматының Алмалы аудандық полиция бөліміне үш сағат жалынып жүріп, арызды әрең жазған.

"Алмалы аудандық полиция бөлімінде 3 сағат бойы ешкім арызымды алмады. Ең соңында айқай-шу көтердім. Сол кезде "оперлердің"басшысы Азиз Такиев деген кісі арызымды жаздырды. Ол кісіге рахмет. Сол күйі полиция келмеді. Кезекші бөлімге қаншама телефон шалдым. Ешкім жауап бермейді. Сосын полиция бөліміне тағы бардым. Сөйтсем "ол заявление утилизацияға кетіп қалды" дейді. Неге деп сұрасам, полиция бөліміндегілер "қызыңыз ешкімге шағым айтпаймын" деп арыз жазды дейді. Қолы сынып жатқан қыз қалай арыз жазады", - дейді Сания.

Екінші арыздан соң ғана іс қозғалған. Тергеуші күдікті төрт қызды Дильназдың үйіне көзбе-көз беттестіруге әкелген.

"Қыздар ешбір өкініп тұрған жоқ. Төрт қызды алып келді. "Не болды соншама шулатып, қызың бір айда орнынан тұрып кетеді" деп айқайласып, менімен төбелескелі жүр. Қолындағы сағызын бетіме лақтырып, тұра ұмтылды. Күйеуім де ашуланып,"Менің қызым сияқты сендерді де секіртем" деді. Қалай ашуланбасын, қыздар келіп ауыздарына келгенін айтып тұр. Күйеуіме "Е, братан, сен бе мені секіртетін? Мен өзіңді қосып секіртіп жіберемін" деп айтып тұр", - дейді Сания.

Арада біраз күн өтіп, күдікті қыздардың бірінің туыстары кешірім сұрап келген.

"Мен ешкімге кешірім бермеймін. Бұл қылмыс, нақты жазасын алсын. Өйткені кешірім сұрап келген қыз менің қызыма өзімен жыныстық қатынас жасайсың деп шарт қойған", - дейді жәбірленушінің анасы.

Қазір Дильназдың жағдайы ауыр, төсек тартып жатыр. Аудандық аурухана дәрігерлері күнделікті ем-домын жасап жүр. Бірақ аяғынан тік тұрып кетуге қомақты қаражат керек. Көпбалалы отбасы көмекке мұқтаж.