Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ауылда информатика пәнінің мұғалімі қой өсіруді қолға алды

"Қазір бізге кіріс жоқ. Кіріс жоқ болғаннан кейін жолдасым өзі қарап жатыр. Отарға қоспаймыз. Бізде арнайы жайылым жақын ғой. Сондықтан өзіміз бағамыз", - дейді кәсіпкер Ұлзира Елтаева.

Ауылда информатика пәнінің мұғалімі қой өсіруді қолға алды
фото: youtube.com

Солтүстік Қазақстан облысында осы күнге дейін бала оқытып келген Ұлзира Елтаева қой өсіруге ден қойды. Сол үшін ол "Еңбек" бағдарламасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, уақ мал сатып алған. Жас кәсіпкер енді қойдың басын көбейтіп, ауылда мал соятын орын ашуды да жоспарлап отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Ол мектепте информатика пәнінен сабақ берген. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Дегенмен, жас ана үйде бос отырмауды жөн санапты. Қазір жолдасы екеуі ауылда қой шаруашылығын жандандыруға ден қойды.

"Өзі қазақ атамыз айтып кеткен ғой, "Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір" деп. Енді сол мақалға сүйеніп, өзіміз кішіден бастап көрейік дедік. Себебі қарадан бастап, оны игере алмай жатсақ, ертеңгі күніміз не болады? Минусқа кіріп кетеміз ғой деген ой болды. Сондықтан осыдан бастап көрейік дедік. Алдағы уақытта мүмкіндіктер болып жатса, қара малды да көре жатармыз", - дейді Новоишим ауылының тұрғыны Ұлзира Елтаева.

Ұлзира "Бизнес-бастау" курсынан өтіп, кәсіпкерлік негіздерін меңгеріпті. Жобасын сәтті қорғап, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 миллион теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Оған 100 бас етті қой сатып алды. Олардың алды қоздап үлгерген.

"Енді алдағы уақытта күтуші ұстаймыз деген жоспарымыз бар. Ал қазір бізге кіріс жоқ. Кіріс жоқ болғаннан кейін жолдасым өзі қарап жатыр. Отарға қоспаймыз. Бізде арнайы жайылым жақын ғой. Сондықтан өзіміз бағамыз", - дейді кәсіпкер Ұлзира Елтаева.

Ғабит Мүсірепов ауданында мемлекет қолдауының арқасында ісін бастағандар аз емес. Мәселен, тек 2020 жылы кәсіп ашқандардың 30 пайызын 29 жасқа дейінгі жастар құрады.

"2020 жылы "Еңбек" бағдарламасы бойынша 75 азаматқа жалпы сомасы 302 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. 67 адам өз ісін жаңадан бастады. Ал қалғандары қаржыны шаруасын кеңейту үшін алды. Бұдан бөлек, 6 көпбалалы отбасыға қаржылай қолдау көрсетілді", - дейді Ғ. Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Темірғалиев.

Осылайша ауданда 70-тен астам жаңа жұмыс орыны ашылды. Ал бұл жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен қызмет көрсету саласы бойынша жүзеге асты.