Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматыда балабақшадағы балалар ойыны жұртты шошытты

Алматыда балабақшаның екінші қабатындағы терезесінен кіріп-шығып, ойнап жүрген балалар жұрттың қорқынышын туғызды, деп хабарлайды Paryz агенттігі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Алматыда балабақшадағы балалар ойыны жұртты шошытты
Фото: egemen.kz

Әлеуметтік желіде тараған видео қалың қауымның қызу талқысына түсіп, бөбекжайға баласын апаратын ата-аналарды алаңдатып қойды. Екінші қабаттағы терезеден кіріп-шығып, емін-еркін шауып жүрген бүлдіршіндердің құлап түссе оңбайтыны видеодан анық байқалады. Өйткені балабақша маңына тұтас бетон төселген.

Желіге жүктелген видео терезе маңында түсірілген. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, терезеге шыққандар тәрбиеленуші емес, музыка пәні мұғалімінің баласы. Ол мұнда шығып, ұшып кеткен шарды алмақ болған көрінеді.

Ал осында жылдар бойы қызмет етіп жүрген тәрбиеші жағдайдың бұлай ушығып кетерін білмеген. Оның айтуынша, жағдай осыдан бір ай бұрын болған.

«Оқиға болған күні балам қосымша сабақтан келген еді. Балабақшаға мен әкелдім. Мен дәретханаға шығып кеткенде екі бала шармен ойнап жүрген. Терезені ашып тұрған. Олар ұшып кеткен шарды алып, ішке түскен. Соны түсіріп алыпты», – дейді № 147 бөбекжай балабақшасының музыка жетекшісі Айсұлу Тағылымова.

Балабақша қызметкерлері бұрын түсірілген видеоның күні кеше желіге жариялануы «қасақана жасалған әрекет» деп пайымдайды. Өйткені балаларды ойлаған ата-ана түсірген болса, сол күні ескерту жасауы керек еді.

«Бүгінгі таңда балабақша қызметкерлеріне қатаң сөгіс берілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балабақшада терезе құлыптары бар. Мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиешілердің үнемі бақылауында болады», – деді Түрксіб аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанна Қадырханқызы.

16 топтан тұратын 390 баланы қабылдайтын балабақша басшылығы мұндай келеңсіздіктің алғаш болғанын айтып, ақталды. Енді мекемеге бөтен бала келмейді, тәртіп күшейтіледі.