Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Беташар жасап, Ислам дінін қабылдаған: Кәріс қызы қазаққа келін болып түсті

Кореяда кіндік қаны тамған Суджин Ли түркістандық отбасыға келін болып түскен. Тіпті дәстүр бойынша беташар өтіп, Ислам дінін қабылдапты. Бұл туралы Paryz.kz ақпарат агенттігі Turkistan.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Беташар жасап, Ислам дінін қабылдаған: Кәріс қызы қазаққа келін болып түсті
Фото: видеодан скриншот

Корей қызымен отау құрған жігіттің есімі – Сәкен. Оңтүстік Кореяда 5 жыл жұмыс істеген ол жұбайымен сол жақта танысыпты. Сөзінше, достықтан басталған сезім махаббатқа ұласыпты. Ал ата-аналары жастардың бірге болуына қарсылық танытпаған. 

"Ата-анасын көріп, таныстым. Сосын рұқсатын берген соң елге алып келдім. Ал әйелім өзі корей тілін үйретті", – дейді Сәкен Бауыржан.

Бүгінде Суджин жұбайымен бірге Түлкібас ауданында тұрады. Ет асу және бауырсақ пісірудің қыр-сырын абысындары мен енесі үйретеді екен. Өзінің айтуынша, үйлену туралы ұсыныс жасағанда қатты қобалжыпты. Себебі қазақ тілін мүлдем білмейді екен. 

Ал енесі корейлік келінінің қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы үлкен екенін айтады. 

"Шәй ішіңіздер" деп шақырады. Шымкенттен келгенде де "Апа" деп айқайлап күтіп алды. Ал кішкентай балаларды бірден ойнатып кетеді. Қазақтың тағамына да үйренді", – деді Нағима Мақұлбекова. 

Суджин Ли елге алғаш келгенде ауа райына үйренісе алмапты. Қатты ыстықтан басы ауырғанын айтады. Алайда Қазақстанда әрі қарай тұру үшін рұқсат алу керек екен. Жақындары бұл мәселенің ұзаққа созылып кеткенін мәлімдеді. 

"Келінімізге үйреніп қалдық, қимаймыз. Бірақ құжат мәселесі әлі қиындау болып тұр. 2 ай өтсе де құжаты толық аяқталмады", – деп қосты қайын атасы Бауыржан Мақұлбек. 

Суджин – әулетке түскен алғашқы шетелдік келін. Дегенмен қайын атасы мен енесі өзге ұлдары да шетелдік қызбен отау құрғысы келсе, қарсы болмайтындарын жеткізді. Ал құжат мәселесі шешілсе, кореялық құдалары Қазақстанға келеді екен.