Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Өмір деген жизнь»: Жақсылықовтың аузынан жақсы сөз неге шықпайды

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың отыз тісінен шыққан сөзі отыз рулы елге тарап кетті. «Лайктардың бәрі» расында да Жақсылықовтың еншісінде қалды бұл жолы. Ulysmedia.kz тілшісі мәжіліс кулуарында әрі бұған дейін де министрдің айтқан «қанатты сөздері» топтамасын жинақтап көрді.

«Өмір деген жизнь»: Жақсылықовтың аузынан жақсы сөз неге шықпайды
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұған дейін қазақ тілін жөнді білмегені үшін сынға қалған министр оларға жауап ретінде «өкпелесең көшіп кет» деп жауап беріп еді. Журналист Бақытнұр Әлібайдың сұрағына берген осы жауабы қоғамда қызу талқыланған. Бұл жолы Жақсылықов тіпті тосылмады.

Алдымен министр қазақстандық бітімгерлерді соғысқа апарады екен деген сыбысты жоққа шығарып, нақты жауап берді.

«Мен сізге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі ретінде бүкіл жауапкершілікпен Қазақстанның Қарулы күштері біздің елдің аумағында орналасқанын айта аламын. Сыртқа шығу жөніндегі қандай да бір міндеттемелерді, бітімгерлік миссиясына қатысты шешімдері тек БҰҰ шеңберінде жасалады. ҰҚШҰ елдерінің аумағында біз барғалы жатқан жоқпыз», - деді ол «сабыр сақтаңыздар, ешқайда бармаймыз» деп отырып.

Ал «жастарды неліктен қоғамдық орындардан алып кетіп, армияға жіберіп жатыр?» деген сұраққа министр «түнгі клубқа бара алатын, денсаулығы бар азаматтар неліктен армияға бармайды?» деп сұраққа сұрақпен жауап берді.

«Егер сен нағыз патриот болсаң, қазақ болсаң, армияға неге бармайсың? Ол неліктен армияға бармай, түнгі клубта ұсталып жүр? Демек, ол жігіттің түнгі клубқа барып, демалуға денсаулығы бар екен ғой!? Ал егер ол түнгі клубтарға көбірек уақытын бөлсе, демек ол жігіт емес болғаны. Патриот болса, армияға неге бармайды?» - деп жауап берді министр.

Ал армияға балаларды мәжбүрлі түрде әкету, ата-аналардың суицидтен үрейі мен армиядағы әлімжеттік жайлы сұрақтарға жауапты алдымен министр «жастардың дұрыс тәрбиеленбеуінен» деп бастады.

«Даулар дейсіз бе? Меніңше, бәрі де бүгінгі күндегі тәрбиеге байланысты. Жігітті өзіне жауапкершілік ала алатындай етіп тәрбиелеу керек», - дейді Руслан Жақсылықов.

Министрге сонымен қатар, не себепті полиция қызметкерлері жастарды тұтқындарша қоршап алатынын сұраған. Жақсылықов олар «спирттік ішімді ішкеннен кейін полиция оларды осылай қоршауға мәжбүр» екенін айтады.

Жақсылықовтың кей сұраққа сұрақпен жауап беретін әдеті бар екен. Мәселен, сауал қойған бір журналиске ол «бауырым сенің өзің армияда болдың ба?» деп сұрайды. Журналист «Вьетнамда болдым» деген. «Бауырым басты қатырмашы» деп кете барады министр.

«Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады. Адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды. Бірақ Қарулы күштердің басшылығы жағымсыз жайттарға жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», - дейді министр.

Сөз арасында министр журналистерге ескерту айтып үлгерді. Жақсылықовтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі айына екі рет баспасөз мәслихатын өткізеді екен. Алайда журналистер келмейді-мыс.

Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Генерал-полковник шенін алған министр былтыр армиядағы әлімжеттік жайлы сұраққа «сіз сыныптасыңызбен төбелесесіз бе? Төбелессеңіз демек бұл дедовщина» дегені бар.