«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарының қызметінде көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерде қысқартады. Бұл — компанияның барлық еншілес ұйымы бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Барлығы он жыл ішінде ҚМГ бүкіл компаниялар тобы бойынша CO₂ шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды жоспарлауда деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы ұлттық компания 6 маусымда Атырау қаласында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай өткен «Атырау экология диалогы: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» тақырыбындағы конференция барысында мәлімдеді.
Іс-шарада қоғам өкілдері, эко-белсенділер мен волонтерлер, эколог ғалымдар ҚМГ және оның өңірдегі еншілес ұйымдарының басшылығына (АМӨЗ, KPI зауыты, «Ембімұнайгаз» АҚ), облыс әкімі Серік Шәпкеновке, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына және кездесудің басқа да қатысушыларына өздерін толғандыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды. Конференцияға ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев қатысты, ол өз сөзінде осы секілді форумдарды өткізудің маңызын және оларды жауапты министрліктің қолдауы туралы атап өтті.
«Қоршаған ортаны қорғау мәселесі — біз үшін аса маңызды басымдықтардың бірі. Бұрынғы экология министрі ретінде бұл саладағы, оның ішінде Атырау өңіріндегі қордаланған өзекті мәселелерді жақсы білемін. Біз оны жоққа шығарып, жасыруға немесе жабулы қазан күйінде үнсіз қалдыруға тырыспаймыз. Біз мәселенің барын ашық мойындаймыз және көпшілікпен талқылауға дайынбыз. Ал ең бастысы — оларды шешу жолдарын тауып, жүзеге асыру. Бұған біздің бүгінгі ашық диалог алаңымыз дәлел бола алады», — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы М. Мырзағалиев өз сөзінде.
Конференция барысында Атырау облысындағы ҚМГ активтерінде қоршаған ортаға бөлінетін заттарды азайту шаралары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, қатысушыларға Атырау мұнай өңдеу зауытында отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту жоспары ұсынылды. Мәселен, кәсіпорын шығарындылары шаралар кешенінің, соның ішінде пештерді техникалық қайта жарақтандыру мен қондырғылардағы техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру арқасында 2023-2027 жылдары 327,8 мың тонна CO₂-ге азаятын болады.
Сондай-ақ, зауытта 2025 жылға дейін резервуарлардан көмірсутек буларының атмосферада булануын азайту үшін понтондар орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба көмірсутектердің булануын әр резервуардан 80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
АМӨЗ басшылығы сондай-ақ төрт технологиялық қондырғыда (зауыттағы ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көздері) автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу туралы айтып өтті. Мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардан түтін газдарының құрамындағы күкірт ангидриді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі оксиді бойынша талдау нәтижелерін автоматты режимде бақылаушы органдарға жіберіп отыратын болады. Бұл кәсіпорынның экология саласында ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зауыт су ресурстарын ұқыпты пайдалану бойынша жауапкершілік алады. Ол үшін 2028 жылдың соңына дейін ағынды суларды тазарту қондырғысын салу жоспарда. Бұл жоба Жайық өзенінен су тұтыну көлемін 57%-ға азайтуға, сондай-ақ тазартылған ағынды суды өндірісте қайта қолдану арқылы зауыттың сарқынды суды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2028 жылға қарай өзеннен алынатын су көлемі жылына 7 млн тоннадан (2022 ж.) 3,9 млн тоннаға дейін төмендейді.
Сондай-ақ, ҚМГ «Ембімұнайгаз» АҚ жабдықтары үшін қазандық-пеш отынын қолдану көлемін төмендету арқылы оның тиімділігін арттыру жолдарын қарастырып жатыр. Бүгінде дайындық кезеңі аяқталды. Бұдан бөлек, «Ембімұнайгаз» 2027 жылы метанның ағып кетуін анықтау және жою технологиясын (LDAR) енгізуді жоспарлап отыр.
Конференцияда компания Атырау облысының әкімдігімен меморандумға қол қойды. Құжат бойынша үш жыл ішінде Атырау аумағында 10 мыңға дейін ағаш отырғызу жоспарда.
«ҚазМұнайГаз» атмосфераға бөлінетін заттарды басқару жөніндегі шаралардан бөлек шикі газды алау етіп жағуды азайтады, су ресурстарын қайта пайдалануды, сондай-ақ рекультивация жұмыстарын қолға алды.
Компания 2030 жылға қарай тұрақты алау жағу көлемін нөлге дейін жеткізуге міндеттеме алды. Қазірдің өзінде 2017 жылмен салыстырғанда шикі газды алау етіп жағу көлемі 89%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен Ембімұнайгазда газ өңдеу қондырғысын пайдалануға беру арқылы қол жеткізді.
ҚазМұнайГаз өндіруші компаниялардың кен орындарында бұрыннан жиналған мұнаймен ластанған жерлерді тазарту бойынша біршама жұмыс атқарды. Соңғы 2 жылдың өзінде компаниялар тобы бойынша барлығы 1,2 млн тоннадан астам жылдар бойы жиналған мұнай қалдықтары утилизацияланып, 192 гектар жер қалпына келтірілді.