Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Аруақ қолдасын» деген түсінікке қатысты»: Балғынбек Имаш бас мүфтидің қызметінен кетуін талап етті

Айтыскер-ақын Балғынбек Имаш бас мүфти Наурызбай Тағанұлының қызметінен кетуін талап етті, - деп хабарлайды Paryz.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

«Аруақ қолдасын» деген түсінікке қатысты»: Балғынбек Имаш бас мүфтидің қызметінен кетуін талап етті
Фото: Instagram/balgynbek_imash

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, бас мүфти "Аруақ қолдасын" деген түсінікке қатысты екі түрлі пікір білдірген.

"Қазіргі діни жағдайларға байланысты жақ ашпау күнә болатыны анық. Әуелде эмоцияға салынып, артық айтып қоймау үшін үндемей, әліптің артын бақтым. Бірақ біздің қоғам бас мүфтидің айыбын ашып айту былай тұрсын, молда біткен ақтап әлек. Дін тізгінін қолына алған Наурызбай Тағанұлы "Аруақ қолдасын" деген түсінікке қатысты аз уақыт ішінде екі түрлі пікір білдірді. Әуелде бұл сөз шариғат шеңберіне сыймайтынын айтты. Кейін "дінімізде оған негіз бар, шариғатқа қайшы емес" деді. Алланың қаһарына ұшырататын сөз. Өйткені Алланың кешірмейтін күнәсі ол - Аллаға Серік қосу! Алламен қатар қандай заттан болсын жақсылық күту, пана тілеу, жәрдем сұрау - діннен шығаратын, ең ауыр күнә! Арақ ішуден де, зина жасаудан да, өсімқорлықтан да, кісі өлтіруден де ауыр!" - деп жазған ол. 

Айтыскер-ақын ҚМДБ имамдарының мүфтидің сөзі мен өзін ақтап жатқанына қынжылды. 

"Бүкіл ҚМДБ имамдарының мүфтидің сөзі мен өзін ақтап, қорғап, жанталасып жатқаны - өте үлкен қасірет!
Аруаққа сыйынуды - шапағат деп, өлінің дұғасы деп, тауассул деп, ихсан деп түрлі қисынмен ақтап жатқаны муфтидің сөзінен де жиіркенішті! Бұлар күпірдің ең үлкені Аллаға серік қосуды қолдап, ақтап, қорғап жатыр. муфти ол сөзді түрлі себеппен айтуы мүмкін. Ал мүфтидің айтқанын түзеп, түрлі қисынмен ақтап әлек болғандардың әрекетіне қандай себеп бар? Назарбаев жаман емес дегеннің бәрін "нұрбот" деген сияқты "Аруаққа сыйынуға болмайды" дегеннің бәрін "уахаби" деп бір штамп соға салатын әдет бар", - деп жазған ол. 

Балғынбек Имаш ұстанымы сәләфилік-уахабилік емес екенін алға тартты. 

"Менің ұстанымым ешқандай сәләфилік-уахабилік ұстаным емес, әкемнің айтып кеткен өсиеті. "Балам, біз коммунист болдық. Сендер тек Аллаға сыйыныңдар. Жаратушы жалғыз һәм күшті! Жаратылған көп һәм әлсіз! Көп әрі әлсізге жалбарынған жақсы ма, жалғыз әрі күштіге жалбарынған жақсы ма? Алла бәріне құдіретті әрі жеткілікті. Егер аруақтан көмек сұрасаң Аллаға зұлымдық жасағаның. Оны әлсіз әрі жеткіліксіз санағаның"  деп өсиет айтып кеткен. Мен 30 жыл тәрбие алған имамдарымның ішінде "аруаққа сыйынуға болады" деген бір де бір имам болмаған. Мен естіген хадис, мен оқып жүрген құран тек таухидке шақырады. Мен Ислам дінін ұстанған қарапайым мұсылман ретінде бас муфтидің айтқан сөзіне жауап беруін, Аллаға тәубе жасауын, жамағаттан кешірім сұрауын және өз еркімен қызметінен кетуін талап етемін!" - деді ол.