Бейнебақылау камерасына түсірілген видеода жас жігіттің жүргізушілерге бағытты қалай көрсеткенін көруге болады.
Өткен аптада Шымкенттің қиылыстарының бірінде бағдаршам сөніп, кептеліс пайда болған. Мұны көрген арапайым жолаушы жүргізушілерге көмектесті, деп хабарлады paryz.kz, қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы ПД ЖБО қызметкерлері Байтұрсынов пен Мәделі Қожа көшелерінің қиылысында техникалық себептерге байланысты бағдаршамның өшірілгенін байқады. Жол қиылысына бірден патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Осы кезде өтіп бара жатқан адамдардың бірі жолға шығып, жол қозғалысын реттей бастайды. Оның көмегі шамамен бір минутқа созылады. Соның арқасында жол қатынасы қалыпқа келеді.
Бейнебақылау камерасына түсірілген видеода жас жігіттің жүргізушілерге бағытты қалай көрсеткенін көруге болады. Кейін кадрда патрульдік полиция қызметкері пайда болады. Сол кезде жас жігіттің өзі асығыс кетіп қалады.
"Келген патрульдік полиция қызметкерлері бағдаршамды жұмыс режиміне қосқанға дейін жол қозғалысын реттеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне кірісті", - деп хабарлады ПД.
Сондай-ақ, полиция мұндай әрекеттер жолдағы апаттарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, жол ережесін сақтауға шақырды.
"Есте сақтау керек, мұндай әрекеттер жолдағы төтенше жағдайларға әкелуі және өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайларда 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақыру керек", - деп толықтырды ПД.