Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Байзақтағы жарылыс: қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі

Байзақтағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің жесірлерді алалауға жол берген заңға қатысты ресми сауалға берген жауабында айтылды.

Байзақтағы жарылыс: қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі
коллаж: Halyq Uni

Сондай-ақ ішкі істер және қорғаныс министрлігі әлеуметтік төлем жасау туралы заңға қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Halyq Uni қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына материалдық көмектің теңдей көлемде төленбей отырғанын жазды.

Содан кейін полицейлер, құтқарушылар және әскерилер қызмет еткен үш министрлікке ресми сауал жолдап, заңға қайта өзгеріс енгізу бойынша ведомство ұстанымын білді.

МӘСЕЛЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қаңтар оқиғасынан кейін «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-бап) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-бап) заңға жаңа тармақ енгізілді. Оған сәйкес, қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы көлемі – күйеуінің соңғы жалақысының 40 пайызы.

Алайда Қаңтар оқиғасына дейін (2022 жылдың қаңтарына) қайтыс болған қызметкерлердің отбасына мұндай көмек берілмейді.

ІІМ БӘРІНЕ ТЕҢ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Ішкі істер министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сүйеніп жауап берген.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 11 қаңтарында Қаңтар оқиғасы барысында қаза тапқан қызметкерлердің және әскери қызметшілердің отбасына көмек көрсету, сондай-ақ полицейлердің жауынгерлік әзірлігі мен құқықтық қорғалу деңгейін арттыру бойынша тапсырмалар берген, - делінген ресми жауапта.

Осылайша осы тапсырманы орындау үшін күштік органдардың салалық заңнамалық актілеріне, оның ішінде қаза тапқан қызметкерлердің және әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне ай сайынғы ақшалай төлемдерді қарастыратын бірқатар түзету енгізілген.

Ішкі істер министрлігі бұл өзгеріс қаза тапқан қызметкерлердің отбасының материалдық жағдайының нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік берген, сондай-ақ қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің моральдық-психологиялық жай-күйіне оң әсер етеді деп санайды.

ІІМ «министрлік қызметте қайтыс болғандардың отбасына әртүрлі көлемде әлеуметтік көмек көрсетуді дұрыс деп санай ма?» деген сұраққа да жауап берді.

ІІМ осы жеңілдікті Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында қоса алғанда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан барлық қызметкер мен әскери қызметшіге қарастырулын ұстанады, - делінген жауапта.