Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Шымкент тұрғыны тамағы ауырып ауруханаға түсіп, мүгедек болып шыққан (ВИДЕО)

Қияфат Болквадзе 5 жыл бойы әділеттілікке қол жеткізуге тырысып келеді.

Шымкент тұрғыны тамағы ауырып ауруханаға түсіп, мүгедек болып шыққан (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Шымкент қаласының тұрғыны тамағы ауырып ауруханаға түсіп, мүгедек болып қалған ұлының жағдайына жергілікті дәрігерлерді айыптап отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, дәрігерлер диагноз қоя алмай, жас жігітке қате ем жасаған. Ол полицияға жүгінген, бірақ тергеу 5 жылдан астам уақыттан бері созылып келеді.

Қияфат Болквадзе 5 жыл бойы әділеттілікке қол жеткізуге тырысып келеді. Айтуынша, 26 жастағы ұлын Шымкент жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері мүгедек еткен. Енді жігіт сөйлей де, өздігінен қозғала да алмайды.

Әйелдің сөзіне қарағанда, 2015 жылы Абдухамид жоғары температурамен ауруханаға түскен. Қияфат баласының жағдайы дәрігерлер диагноз қоя алмай, дұрыс емдемеген соң нашарлады деп есептейді. Ұлына пункция процедурасын екі рет өткізгенін айтады. Содан кейін асқынулар басталып, жас жігіт комаға түскен.

"Баламның қолдары мен аяқтары бұрала бастады. Дені сау бала тамағы ауырып барып, қазір өлместің күйін кешіп жатыр. Осы екі ай ішінде олар оны үйге беруді ұйғарды. Олар айтты: "Ол комада. Біз ештеңе істей алмаймыз", - деді Абдухамид Абдукадировтың анасы Қияфат Болквадзе.

Нәтижесінде Абдухамид ауруханадан мүгедек болып шықты. Оған не себеп болғанын дәрігерлер айтпаған. Тек "менингит" диагнозын қойған. Баланың анасы дәрігерлерді немқұрайдылығы үшін айыптап, қызметтік тексеруді талап етті.

Полиция бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Бірақ егжей-тегжейлер туралы айтылмайды. Тергеу "медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы" қылмыстық бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта қылмыстық процеске қатысушылардан қосымша жауап алынуда. Қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындау мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданады", - деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Бекжан Қыдырбаев.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасында бұл іске түсініктеме бермеген. Егер дәрігерлердің кінәсі расталса, олар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал тергеу әділ болуы үшін Абдухамидтің анасы ел президентіне хат жазуды жоспарлап отыр.