Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

5-6 млн теңгеден артық жинағы бар жетімдерді тұрғын үй кезегінен алып тастау керек - блогер

Блогер Алексей Лодочников асыраушылар мен жетім балаларға баспана жағдайын жақсартудағы көмектің айырмашылығы туралы айтып, назын жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

5-6 млн теңгеден артық жинағы бар жетімдерді тұрғын үй кезегінен алып тастау керек - блогер
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

«Өзімізді Чехиямен салыстырған жақсы. Чехияның тәжірибесін қолданған да, үлгі алған да жақсы. Бірақ бұл – Қазақстан. Бізде барлығы басқаша. Асыраушысынан айырылған адам ретінде мен Балалар үйінде де, Жасөспірімдер үйінде де тәрбиелендім. Бір үйде тұрып, бір асханадан тамақ ішіп, бір мектепке бардық. Бірақ мәртебеміз әртүрлі. Жетімдердің жеңілдіктері өте көп. Ол «Отбасы банктегі» жинақ, баспанаға кезекте бізден бұрын тұрады. Пандемия кезінде 42 500 теңгені де жетімдер алды. Біз алған жоқпыз», - дейді блогер.

Лодочниковтың айтуынша, 23 жасқа дейін олардың жинақтары 5, 6, 9 млн теңгеге дейін жетеді.

«Ол ақшаның желге ұшқанын көріп қынжыласың. Олар оған көлік алып, қыдырып кетеді. Мен асыраушысынан айырылған адам ретінде осындай жайттарды көріп, жүрегім ауырады. Жинақтарын жұмсап жібергендер кейін әкімдікке барып «біздің пәтереміз қайда, үй беріңдер?» деп жүреді. Осы орайда жетімдерде 5-6 млн теңгеден артық жинағы болса, оларды баспана тізімінен алып тастау керек. Ол бұл ақшаға қыдырады немесе баспана алу үшін еңбек етіп, ақша табады. Бұл балаларды қамтамасыз етуге көп ақша кетеді десек, елде ақша өте көп. Бұл ақшаны балаларға сапалы білім беруге жұмсаған абзал. Бала асырап алғандарға келетін болсақ, мен жетімдер үйінде тұрғанда көп отбасы баланы 18 жасқа толмай алып кететін», - дейді ол.

Блогердің айтуынша, кейін асырап алғандарды отбасылары қуып шығатын жағдайлар болған.

«Олар маған кейін жазады. Далада қаңғырып жүргендерін айтады. Балалар отбасында тәрбиеленуі керек деп көп айтамыз. Бірақ ол балалармен ешкім жұмыс істемейді. Отбасы асырап алған соң, балалардың жағдайы 1-2 айдан кейін қандай болғанын ешкім білмейді. Балалар үйі 18 жасқа толмай жатып, балалардан құтылғысы келеді. Жасөспірімдер үйіне 16 жастан бастап жібере береді. Ертең ол балаға бірдеңе болса, оған жасөпірімдер үйі жауап беруі керек болады. Ал оны аталған үй қамап ұстай алмайды ғой», - деп Лодочников тағы бір мәселені көтерді.

Асыраушысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем қанша теңгені құрайды?

Асыраушысынан айырылған балаларға әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның көлемі айына 46 138 теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған балаларға берілетін жәрдемақы көлемі 14,5 пайызға артатынын айтты. Алайда ол еңбекке жарамды жастар жәрдемақыға қол жайып отырмауы керегін де айтты.

Жетім балаларға ата-анасынан айырылған жағдайда әрқайсысына 1,18 ККМ (47 869 теңге) айлық жәрдемақы төленеді. Отбасының қалған еңбекке жарамсыз мүшелеріне әрбір 0,54 ККМ (21 906 теңге), бірақ барлық еңбекке жарамсыздарға 2,56 ККМ-ден (103 852 теңге) артық емес жәрдемақы тағайындалады.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үймен қалай қамтылады?

Жетім балаларды баспанамен қамту мәселесін жергілікті әкімдік жүзеге асырады.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден баспана алуға бірінші кезектегі құқығы бар.

Заңға сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді.

2022 жылғы жағдай бойынша тұрғын үй алуға 60 962 – «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекте тұр.

Былтыр мемлекеттік тұрғын үй қорынан 5 165 азамат, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде осы санаттағы балаларды қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді, онда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен, сондай-ақ патронаттық ұйымдардың қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген.

Бұл мәселені былтыр Сенат депутаттары көтерген. Депутаттық сауалға жауап берген Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жауабында тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесі айтылады.

«Бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттар ашылды, олар асыраушысынан айрылу, 2 мүгедектік, алимент бойынша алатын жәрдемақылары есебінен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестердің, бизнес-құрылымдардың қаражат аударуы жолымен толықтырылады. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалардың тәрбиешілеріне, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 2% мөлшерлемемен 10% бастапқы жарнамен кредиттер беру көделген», - деген еді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары саласындағы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында заңға өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды алты айдан үш айға дейін тұрғын үй алуға кезекке қою мерзімі қысқартылды.