Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Түркістан: Інісінің кегін алу үшін ер-азаматты айуандықпен өлтіріп кеткен

"Қозғалған қылмыстық істің баптары өзгеруде. Біздің кейінгі берген уәждеріміз назарға алынбай жатыр", - дейді марқұмның туыстары.

Түркістан: Інісінің кегін алу үшін ер-азаматты айуандықпен өлтіріп кеткен
фото: дереккөз

Жуырда Түркістан облысының Қазығұрт ауданында бірнеше жеріне пышақ сұғылған азамат қайтыс болды. Марқұмның туыстары бауырын өлтірген азамат мұны қасақана, кек алу мақсатында жасады деп отыр. Өйткені, қайтыс болған Оралбай Тілемісов осыдан 7-8 жыл бұрын қазір күдікті ретінде ұсталған азаматтың інісін өлтіріп, сотталған екен, деп хабарлады paryz.kz.

Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтарында айтылды. Марқұмның туыстарының айтуларынша, кісі өлтіріп, жазасын өтеп келген бауырының артын аңду бір сәтке де толастамапты. Астанада жүрген туысы ауылға келсе, өлтіремін деген қорқытулардан барынша сақтанып келген. Алайда жолын кескендер бірнеше жеріне пышақ сұғып, аяусыз өлтіріп тынды. Енді босаңсыған тергеу амалдары оның жазадан құтылып кетуіне әкелуі мүмкін көрінеді.

"Оның ол жерге баратынын қай жақтан біледі? Не қылатынын қайдан біледі? Пышақты жақсылап дайындаған. Сыртында ораған қағазы да бар. Милициялар алып кеткен. Оның барлығы жоқ болып жатқан сияқты менің ойымша", - деді марқұмның әпкесі Фарида Тілемісова.

"Кірсек те, шықсақ та, қай жерде көреді, "қанға - қан, жанға - жан, бауырыңды өлтірмей, ешқашан тынбаймыз". Тек осылай. Әкемізді ұрып жібереді. Үйдегі келініміз екіқабат. Келеді де, пышақпен қорқытады, ішіндегі баласы өледі. Одан үйдегі ініме пышақ сұғады", - дейді марқұмның әпкесі Дәмеш Тілемісова.

"Қозғалған қылмыстық істің баптары өзгеруде. Біздің кейінгі берген уәждеріміз назарға алынбай жатыр", - дейді марқұмның туыстары. Тергеу басқармасы істің әу баста қасақана адам өлтіру дерегімен қозғалғанын растады. Тек қай баппен айып тағылғанын нақтылаған жоқ. Тек күдікті қамауға алынды деумен шектелді.

"Тергеп-тексеру нәтижесімен тергеу амалдары толығымен жүргізіліп, құжаттар жиналып, қылмыстық іс қазіргі таңда сотқа жолданған болатын", - деді Түркістан облыстық ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Малик Қайбар.

Сондай-ақ, шағым берушілер күдіктінің туыстары кешірім сұрап келмек былай тұрсын, "екі жақтан да адам өлді, бірде-бір болдық" дегенін басыну деп түсініп отыр. Телеарна келді дегенді естіп, кешірім сұрауға өкілдер келген. Оларды кіргізбейміз деп үй иелері сыртқа шығып, келген "қонақтарды" қуғандай болды.