Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Денсаулығым сыр берсе, көлігім автоматты түрде өшіп қалады» - таксист Нұржан Артықов

Түркістан облысында екі аяғы кесілген азамат таксист болып, табыс тауып жүр, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап

«Денсаулығым сыр берсе, көлігім автоматты түрде өшіп қалады» - таксист Нұржан Артықов
Фото: inform. kz

Нұржан Артықовты сарыағаштық тұрғындар жақсы таниды. Таксисттік қызметті кәсіп еткен жанның жайдары жүзі жолаушылардың есінде жатталып қалған. Көлігіне мінген клиенттерге де күлкілі әңгімелер айтып, көңілдерін көтеріп отырады. Сондықтан болар жергілікті тұрғындар Нұржан Артықовтың көлігін алыстан көргеннен қол бұлғап, тоқтатып алады. Алыс сапарға шығатындар болса алдын ала хабарласып, тапсырыс береді.

Нұржанның екі аяғы жоқ. Кішкене ғана тырнақтың жұлынғандығынан, ауруы асқынып, екі аяғын кесуге мәжбүр еткен. Алғашқыда аяқсыз өмір сүру ауыр болғанымен, басқа түскен қиындықты қалайда көтеруге тура келді.

«2014-2015 жылдары болатын. Аяғымдағы тырнақты жұлғаннан инфекция түсіп, жарасы жазылмай қойды. Содан, алғашқыда аяқты тобықтан кесті. Кішкене жара - үлкен мәселеге айналды. Арада бірнеше жыл өткенде аяғымды жоғары бөліктен, кейіннен екінші аяғымды да кесуге алып келді» - дейді ол.

Арнайы арбаға танылған азамат алғашқыда үйде жатты. Әрбір қимылы қосымша көмекті қажет ететіндіктен қоғамға да сіңісу қиын болды. Дегенмен, төсек тартып жата беруді ар санағандықтан, қаржы тауып, отбасын қамтамасыз етуді армандады. Сондағы бар ойына келгені таксист болу еді. Алға қойған мақсаты төсектен тұрғызды. Қазір екі аяқтың жоқтығына қарамай адам тасып ақша тауып жүр.

«Көлігімнің қозғалтқышы автомат. Газ бен тежегішіне арнайы темір жалғап, қолмен басқарылатын етіп алдым. Басқару оңай. Газ бергенде, тежегіш автоматты түрде ажыратылады. Ал, тежегішті басқанда, газ азаяды. «Басқа түскен баспақшыл» - дейді ғой. Егер қажеттілік туса, барлығын да істеуге болады екен» - дейді ол.

Жігерлі жан бүгінгі дейін 7 көлікті тізгіндеген. Қазіргі мініп жүргені 7 орындық «Тoyota estima». Таксист болып, тапсырыс қабылдаған соң, алыс жолға да шығатын кездері көп. Ондай сәттері керек-жарақтың барлығын қасына алып алады. Көлігі жолда бұзылса, жөндеу жұмыстары өз қолынан келеді. Дөңгелегі жарылса ауыстырып алады. Ең бастысы Нұрекең көлікті аса ептілікпен жүргізеді. Жүргізушіліктегі 30 жылдың тәжірибесінен «жолдың қателік жасауға жол бермейтінін» жақсы біледі. Сондықтан болар, көп жолаушылар көлікке мінгенде аяғының жоқтығын байқамай да қалады.

«Жолда жүрген соң, жүргізушілер бір бірімізге көмек көрсетіп тұрамыз. Бірде Қызылордаға бара жатқан жолда көлігімнің екі дөңгелегі бірден жарылып қалды. Дереу түсіп ауыстырып жатыр едім, өзге көліктегі жігіттер келіп көмектесіп жіберді. Ал, Алматыға бара жатқан жолда 140-150 жылдамдықты ұстап отырғанмын. Көліктегі жолаушы «Аға, газды бассаңызшы, бассаңызшы» деп қоймай қойды. Оларға аяғымның жоқ екенін түсіндірдім. Бірден тоқтатып, есікті ашып қарады. Содан тынышталды» - дейді жігерлі жан.

Нұрекең былтырғы жылы құлағына чип орнатты. Олда көлігімен тікелей байланысты. Яғни, жолда келе жатып денсаулығы нашарлап, есінен танып қалатын жағдай болса, көлік автоматты түрде жолдың шетіне шығып, өздігінен тоқтап қалады. «Бұл қауіпсіздік үшін қажет»- дейді ол.

«Адам тасығаннан соң, қауіпсіздік жағына қатты қараймын. Клиент жинап отырғанда аяғымның жоқ екенін біліп, көліктен түсіп қалатындар бар. Мен оған ешқашан ренжімеймін. Алланың бергеніне қанағат етемін»-дейді азамат.

Нұржан Артықовтың үш ұл, екі қызы бар. Жұбайы бала тәрбиесімен үйде отыр.

«Алла сынақты да сүйікті құлына береді екен. Мен бақытты адаммын. Ұл-қыздарым көмектесуге жарап қалды. Жұбайым жағдайымды жасап отыр. Түсінігі мол, ақылды әйелмен табыстырып, саналы ұрпақ берген Аллаға мыңда бір шүкіршілік етемін»-дейді Нұржан.